Алғашында Алматы тұрғындары коронавирустың қауіптілігін елемей, қойылған шектеулерге үйрене алмай, біраз абдырап қалғаны рас. Алайда, жүргізілген түсіндірме жұмыстарының арқасында азаматтар кеселдің кесірін ұға бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір қала тіршілігі тоқтап қалған секілді. Тұрғындар үйлерінен шықпауға тырысып, уақыттарын тиімді өткізуде. Бірі кітап оқып, енді біреуі әлеуметтік желіде челлендж жасап ермек қылып жатыр. Ал, спорт ше? Азаматтар салауатты өмір салтын ұмытып кеткен жоқ па? Үй жағдайында спортпен қалай шұғылданып жатыр?
5 жастағы Дархан Еркебұланұлы балабақшаға бармағанына 3 аптадан асты. Бәрі карантиннің кесірі. Алайда үйде бос отырған жоқ. Әліппеден әріп үйреніп, анасымен спорттық жаттығу жасайды. Онысы тіпті әдетке айналған. Анасының сөзінше, Дархан дене шынықтыруды жақсы көреді. Күнделікті жаңа жаттығу түрін үйренуге талпынады.
Мұндай спорттық жаттығуларды Дархан оқитын балабақшаның барлық тәлімгері жасайды екен. Тіпті мектепке дейінгі мекеме түсірілген видеоны әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеп отырады. Онда әр ата-ана осылай балаларымен бірге дене шынықтырып жатқанын көруге болады. Ел спортшылары да салауатты өмір салтын үй жағдайында ұстанып отыр. Мәселен, дзюдодан халықаралық спорт шебері Елдос Жұмаханов та карантин кезінде гір көтеріп, түрлі жаттығулар жасап жатқанын айтады. Әкесінен көргенін баласы да қайталап, шынығуда. Елдос Жұмаханов барша отандастарды үйде болып, спортпен шұғылдануға шақырды.
«Карантин уақытында отбасыларыңызбен бірге болуды сұраймын. Екіншіден, біз үй тапсырмасын орындаймыз. Үйде дене шынықтыру жаттығуларын жасаймыз. Сіздерді де бізбен бірге спортпен шұғылдануға шақырамыз. Дендеріңіз сау болсын, ауырмаңыздар!» – деді дзюдодан халықаралық спорт шебері Елдос ЖҰМАХАНОВ.
Ал, үйде спорттық құрылғылар жоқ болса да, фитнес жаттықтырушылар бірнеше тәсілдің бар екенін айтады. Көршілеріңізге кедергі келтірмей, тәніңізді қалпында сақтаудың сан алуан әдісі бар. Айтжан Байсбаев соның бірнешеуімен бөлісті.
«Сіздерге бір бөлменің өзі жетеді. Сіз өз салмағыңызбен жаттығу жасасасыңыз болады. Жаттығудың бірнеше түрі бар. Егер пәтерде тұратын болсаңыздар, баспалдақты қолдансаңыздар болады. Жоғары көтеріліп түсудің пайдасы бар. Жер үйде тұратын адамдар тіптен жақсы, олар есік алдында түрлі жаттығу жасаса болады», – деді фитнес жаттықтырушы Айтжан БАЙСБАЕВ.
Алматы тұрғындары карантин кезінде күнін босқа өткізбеуде. Уақытты тиімді пайдаланып, үй жағдайында денені шынықтырудың тәсілін тапқан. Сіз де үйден шықпай, тән мен жанға керек дүниемен айналысыңыз.
Өмір Әнуарбек ,Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы