Бүгін «Медеу» мұз айдынында алғаш рет қысқы классика форматындағы хоккей күндері басталды. Бұл шара барысында бірнеше турнирлер ұйымдастырылмақ. Олар халықаралық балалар турнирі, әуесқойлар мен ардагер жұлдыздары арасындағы матч, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін басталған ашық аспан астындағы хоккей күндері 5 күнге жалғасады. Спорттық мерекені 2008 туған балалар арасындағы халықаралық турнирі ашты. Онда көршілес Өзбекстан мен Қырғыз елдерінен және Қазақстаннан 6 команда бақтарын сынап жатыр.
«Біз Медеуде алғаш рет ойнағалы тұрмыз. Өте керемет, ұнады. Біздің команда алматылықтармен тығыз байланыста. Осы жақта өтетін жарыстарға жиі келіп тұрамыз. Өзбекстанда балалар хоккейін жолға қойсақ деген ойымыз бар. Сондықтан, сіздерден үйренеріміз көп. Себебі, сіздерде бір ғана Алматы қаласында 10-нан астам балалар командасы бар», – деді «Бинокор» ХК директоры Абдумажит НАСЫРОВ.
Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл спорттық шарада әуесқойлар да бақтарын сынамақ. Онда Нұр-сұлтан, Алматы мен Мәскеу қалаларының хоккейшілер теңіз деңгейінен 1691 метр биктіктегі мұзда кім мықтыны анықтайды. Сондай-ақ, еліміздің жастар лигасы аясында да кездесулер өтеді деп жоспарлануда.
«Мұндай шараны өткізудегі негізі мақсатымыз - Алматыда хоккейді кеңінен насихаттау және шаһарымыздың мақтанышы Медеу мұз айдынына жас хоккейшілерге үлгі болсын деген ниетпен хоккей жұлдыздарын шақырдық. Ең бастысы, алматылықтар мен қала қонақтарына керемет демалыс сыйлау», – деді қалалық шайбалы хоккей федерациясының атқарушы директоры Ержан АРҒЫН.
Шара осы сенбіге, яғни 15 ақпанға дейін жалғасады. Соңғы күні құрамында Сергей Макаров, Алексей Гусаров, Алексей ЖАмнов сынды аты аңызға айналған хоккейшілердің ойынын тамашалауға және қолтаңба алу мүмкіндігі бұйырады.
Арнат Дүйсен, Ғани Қалуов Алматы телеарнасы