Алматыда ел жастарының әлемдік спортқа бет бұруы үшін қолайлы мүмкіндік ұсынатын кезекті спорт орталығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ММА, бокс, дзюдо мен каратэ, сондай-ақ, күрестің бірнеше түріне баулитын кешен келушілерін 6 жастан бастап қабылдайды. Айта кету керек, күні кеше өткен спорт залдың ашылу салтанатына елге танымал чемпиондардан бөлек, көршілес мемлекеттердің өкілдері де қатысты.
«Бұл жерде біз тек спортпен айналысуға емес, оқыту мәселесіне де көңіл бөліп отырмыз. Біршама уақыт өткеннен соң енгізетін боламыз. Сол мақсатта шаруалар атқарып жатырмыз», – деді «Dar Team» холдингінің бас директоры Нұрбек Қарабала.
Ұйымдастырушылар мұндай орталықтар ел жастарының тәрбиесіне де оң әсерін тигізеді деп отыр. Себебі бала күннен спортқа бейімделу адам өмірінің сапасын арттырмақ. Ал республика көлемінде бірнеше жоба бойынша жұмыс істейтін мамандар келешекте аталған істі ары қарай өркендете береміз дейді.
«Бұл – әлеуметтік бағытта бастау алған алтыншы жобамыз. Мұнда балалар мен жасөспірімдер тек әуесқой спортпен емес, кәсіби түрде, белгілі мақсатқа жаттығатын болады. Жастардың уақытын пайдалы етіп өткізуге атсалысып жүргеніміз қуантады», – деді бас жаттықтырушы Азиз Разиев.