|
25.01.2022 | 16:07
497

Футзалдан Қазақстан құрамасы: Бұл жеңісімізді барша қазақ халқына арнаймыз

Спортшыларымыз Финляндиямен өткен ойында қарсыластарын 6:2 есебімен ұтып, өз тобында көш басына шықты

Футзалдан Қазақстан құрамасы: Бұл жеңісімізді барша қазақ халқына арнаймыз ©КФФ

Футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерландыда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Спортшыларымыз Финляндиямен өткен ойында қарсыластарын 6:2 есебімен ұтып, өз тобында көш басына шықты. Ал мергендігімен көзге түскен қақпашы Лео Игита қатарынан өткен 3 бірдей кәрі құрлық бәсекесінде гол соғып, тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

Отандастарымыз Еуропа чемпионатының екінші матчында сенімді түрде жеңіске жетті. Бұл жолы Ұлттық құрама сапынан Азат Валиуллин мен қақпашы Лео Игита бір-бір голдан соқса, Арнолд Кнауб пен Біржан Оразов дубль авторы атанды.

Одан бөлек, «Әлемнің бес дүркін үздік қақпашысы» деген атағы бар Лео Игита Финляндияға қарсы ойында мергендігімен көзге түсіп, қатарынан үш бірдей Еуропа чемпионатында гол соққан қақпашы атанды. Бұған дейін 2016 жылы Сербияға, 2018-де Испания қақпасына гол тоғытқан еді.

Бүгінде Қазақстан жаңартылған әлемдік рейтинг кестесінде 7-орында тұр. Алғашқы үштікте Испания, Бразилия, Аргентина орналасқан. Ал Ұлттық құрамада доп тебетін жас спортшы Жомарт Тоқаев байрақты бәсекенің бірінші кездесуінде соққан алғашқы голын Қазақстан халқына арнады.

“Өздеріңіз білесіздер, командамызда ойыншылар әлі толық емес. Көбісі ауырып, жарақат алғандар бар. Осы Еуропа чемпионатында салған ең бірінші голымды барша қазақ халқына арнаймын” – деді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, футзалшыларымыз әзірге бір жеңіс және бір тең ойынмен 4 ұпай еншілеп, өз тобында көш бастап тұр. Келесі матч 28 қаңтар күні Италияға қарсы өтеді.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир