Қазақстан су добынан құрлықтық іріктеуге қатыспай-ақ Токио Олимпиадасына жолдама алуы мүмкін

Olympic.kz
Olympic.kz
Спорттың бұл түрінен Қазақстан ерлер командасы соңғы рет 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында өнер көрсетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Су добынан Қазақстан ерлер командасы 2020 жылғы Токио Олимпиадасына құрлықтық іріктеу турниріне қатыспай-ақ жолдама алуы мүмкін. Бұл туралы су спорты түрлері Федерациясының президенті Андрей Крюков мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, халықаралық су спорты түрлері федерациясы мен Азия су спорты түрлері федерациясы Нұр-Сұлтандағы лицензиялық Азия чемпионаты кейінге шегерілген соң осындай шешімге келген. Құрлық додасы 12-16 ақпан аралығында елордада өтуі тиіс еді.

«Ақпан айына жоспарланған су добынан Азия чемпионаты коронавирустың тез таралуына байланысты өтпей қалды. Тараптар арасында үлкен жұмыс жүргізілді. Барлық мүмкіндіктер қарастырылған соң 2018 жылғы Азия ойындарындағы рейтингті негізге алу туралы шешім қабылданды. Азиадада Қазақстан командасы топ жарған болатын. Демек, жеңімпаз команда олимпиада ойындарына тікелей жолдама алады», – деді Су спорты түрлері федерациясының президенті Андрей КРЮКОВ.

Су добынан Қазақстан ерлер командасы соңғы рет 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында өнер көрсетті. Жалпы алғанда, ватерполшылар үш мәрте төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысқан. Бүгінде Қазақстан құрамасы іріктеу жарыстары өтпесе де, дайындықтарын пысықтап жатыр.  

«Құрама бұл іріктеу жарысына тыңғылықты дайындалды. 100 пайыз дайын деуге болады. Оқу-жаттығу жиындарын Нұр-сұлтан қаласында, Ресей мен Венгрия елдерінде өткіздік. Қазір біздің негізгі қарсыластарымыздың бірі Жапония. Сондықтан, Қазақстан құрамасына қандай жағдай болмасын спорттық бабында болу керек», – деді Су добынан Қазақстан құрамасының капитаны Мұрат ШӘКЕНОВ.          

Новости партнеров