Алматыда маусымдық дәстүрге айналған қысқы марафон өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Жарысқа салауатты өмір салтын ұстанатын 10 мен 80 жас аралығындағы 2 мыңға жуық адам қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тұрғындары арасында маусымдық дәстүрге айналған қысқы марафон өтті. Жарысқа салауатты өмір салтын ұстанатын 10 мен 80 жас аралығындағы 2 мыңға жуық адам қатысып, түрлі қашықтықтарды жүгіріп өтті. Шарада алматылықтардан өзге, әдеттегідей, еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар да кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылықтар қазір жексенбінің таңын үлкен қуанышпен қарсы алып, марафонды бастап кетті. Олар әл-Фарабиден Гагарин даңғылына дейін жүгіріп өтеді.

Жарысты жүгіруді күнделікті дағдыға айналдырған қала тұрғындары асыға күткені анық. Олардың арасында түрлі салада қызмет ететін мамандардан бастап, кәсіби спортшыларға дейін бар. Қатысушылар 3 қашықтық бойынша сынға түсті. Балалар 3 шақырымға жүгірсе, ерексектер – 10, скандинавиялық жүріспен айналысатындар 7 шақырымдық бәсекеде өздерін сынап көрді.

«Жастарды осындай спортпен айналысуға шақырамын. Менен үлгі алыңыздар. 42 шақырымды 73 рет жүгіргенмін. Мынадай маусымдық жүгіруді мүлде жібермеймін», - дейді қатысушы Тілеужан Қанапиянов.

«3 шақырымдық марафонға осымен 5-ші рет қатысып жатырмын. Мен жүгіруді қатты жақсы көремін. Бос уақытымда жүгіремін», - дейді тағы бір қатысушы Жақсылық Тасын.

«Бүгін әке-шешем, егізіммен бірге келдім. Мен футбол спортымен айналысамын. Сондықтан жүгіруді қатты жақсы көремін. Алдағы уақытта марафондар болса қатысамын», - дейді келесі бір қатысушы Амандық Тасын.

Ұйымдастырушылар елімізде карантин талаптарының жеңілдегеніне қарамастан, спортшылардың қауіпсіздігіне аса мән бергенін айтады. Яғни, қатысушылар алдын ала «Ашықпен» тексеріліп, кейін жүгіруге мүмкіндік алды. Олар сондай-ақ жолдың уақытша жабылғанына қарамастан, түсіністік танытқан көлік жүргізушілеріне де алғысын айтты.

«Біздің қысқы марафонымыз осымен 8-ші рет өтіп жатыр. Жүгіруді дағдыға айналдырған адам үнемі көңілді, өмірге деген құштарлығы артып, денсаулығы жақсара түседі. Қазір жасөспірімдерге де қатысуға мүмкіндік беріп жатырмыз. Оларды пандемия өршіп тұрған кезде тоқтатқан едік», - деді ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева.

Одан бөлек, ұйымдастырушылар жыл аяғына дейін осындай он шақты марафон өткізуді жоспарлап отыр. Келесі шара 13 наурызға белгіленсе, ең үлкен марафон 25 қыркүйекте өтеді.

Мерей Қанапиянов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров