Келесі жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында жерлестеріміз спорттың 22 түрі бойынша бәсекеге түседі. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті басшылары жапондық әріптестермен кездесу кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ каратэден Олимпиада ойындарда алғаш рет қатысқалы жатқан спортшыларымыз да медаль үшін күш сынаспақ. Өз елдерінде 55 жылдан кейін екінші рет жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге қызу дайындалып жатқан жапондар біздің спортшыларды алдын ала келіп жаттығу өткізуге де шақырды.
«Олимпиада ойындарына 200-ге жуық спортшы апарамыз деген жоспар бар. Спорттың 22 түрінен сынға түсеміз. Біз бұған дейін де Жапонияда бірнеше рет болып, салынып жатқан спорт нысандарын аралап көрдік. Спортшыларымыз енді сол жерлерде жаттығады», – деді ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен МҰСАЙБЕКОВ.
Екі жақты кездесуде әлемдік бәсекеге дайындықтың қалай жүріп жатқаны талқыланды. Келесі жылы Олимпиада ойындары Токио қаласында 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Айта кетейік, Жапонияда Олимпиада ойындары алғаш рет 1964 жылы өткен.
«Алғашқы Олимпиада ойындары бізде өте жоғары деңгейде өткен болатын. Біз сол жетістікті қайталағымыз келеді. Өткен ғасырдың ортасында салынған спорттық нысандарды да жаңартып жатырмыз. Инновациялық жетістіктерді де қосамыз. Ең басты мақсатымыз – қонақтарға қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасау», – деді «Токио-2020» Олимпиада және паралимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Тошиаки ЭНДО.