Ел чемпионатында бақ сынайтын спортшыларға неге жағдай жасалмаған

Almaty.tv
Almaty.tv
Басқарма басшылығы кешеннің құжат бойынша футбол мектебінің балансына өткенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда жағажай волейболымен айналысатын спортшылар шу шығарды. «Біраз жылдан бері біз жаттыққан алаң енді футболшыларға берілмек» деп шағым айтқан олар 2 аптадан соң ел чемпионатында бақ сынамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдағы жауапты чемпионатқа команданың үздік ойыншылары Ерлан мен Артем де барады. Жағажай волейболымен 10 жылдан бері айналысып жүрген спорт шеберлері жаттығу алаңында болып жатқан келеңсіз жағдайға алаңдаулы. Олар «дайындықтан кейін құмға малынған денемізді жуа алмаймыз. Су жоқ. Іргедегі теңізден шелектеп су тасып жүрміз» дейді.

– Су жоқ, тоқ пен суды ажыратып тастады. Күннің астында ыстықтан терлейсің. Құм денеңе жабысып, балшық болады. Оның бәрін жуу керек. Бірақ жуынатын жер жоқ, – деді жағажай волейболы спортының шебері Ерлан Елубаев.

Ал жасөспірімдер құрамасының ата-аналары спорт алаңының футбол мектебінің қарамағына өткеніне наразы. Олар «Каспий теңізінің жағалауынан жаңа спорт кешенін салып берсін» деп талап қойып отыр. Өйткені жалғыз жағажайда 300-ге жуық спортшы волейболмен шұғылданады. Бұған тағы футболды қосатын болса, жоғарыда аталған спорт түрінің дамымай қалуы әбден мүмкін.

– Жағажай волейболының әкімшісі кетіп қалыпты. Аталмыш спорт түрі қалай дамиды? Ақтау – Қазақстандағы Каспий жағалауында орналасқан жалғыз қала. Жағажай волейбол алаңының осы жерде болуы заңдылық. Бізді балаларымыздың болашағы алаңдатады. Олар бар өмірін осы спортпен байланыстырып қойды, – деді ата-ана Марат Яруллин.

– Қызымның жағажай волейбол спортымен айналысып жүргеніне 2 жыл болды. Ол жатса да, тұрса да қолынан волейбол добын тастамайды. Бастапқыда спорт кешені бізге арнап салынды. Барлық жағдайы жасалған. Балалардың жинаған тәжірибесі, жетістігі мол. Спортшылардың сағын сындыруға болмайды, – деді ата-ана Юля Позднева.

Өңірдегі спорт басқармасы қазақстандық волейбол федерациясымен спорт кешенін жалдау туралы келісімшартты мерзімінен бұрын бұзған. Үш жыл бойы федерация сенімгерлік басқару негізінде спортшыларды даярлаумен айналысып келген. Басқарма басшылығы кешеннің құжат бойынша футбол мектебінің балансына өткенін айтып отыр. Бұрын бұл ғимараттың қожайыны басқа жерді жалдап келген. Ал енді қаржыны үнемдеу мақсатында нысан иесі өз ғимаратына қайта жайғаспақ.

– Барлық оқу-жаттығу жиындары сол жерде өтеді. Қажетті алаңдар беріледі. Оған ешқандай күмән жоқ. Бірақ суға қатысты мәселе туындады. Коммуналдық мекемелердің арасындағы келісмшарт жасалмаған. Апта ішінде бәрі бекітіледі, – деді Спорт басқармасы басшысының кеңесшісі Ербол Чукенов.

Басшылық ата-аналар мен спортшыларға алаңдайтын еш негіз жоқ екенін алға тартты. Жаттығу мен дайындық бұрынғыша жалғаса бермек.

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Сағадат Нұрмағамбетов -100: Алматыда бокстан халықаралық турнир өтті

Новости партнеров