Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы қырғыз спортшыларымен болған жанжалдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Екі елдің шабандоздары ақтық сында кездесіп, ойын барысында қазақстандық спортшы қарсыласын қамшымен осып жіберген еді. Кейін бұл бейнежазба әлеуметтік желіге тарап, қызу талқыға түсті. Бүгін Ұлттық құрама мүшесі Абылайхан Нышанбеков болған оқиғаны өзі баяндап берді.
«Ойын барысында қарғыс та болады, тартыс та болады. Әртүрлі жағдай болады. Аттың үстіне мінгеннен кейін қызуқанды халықпыз ғой, ойын барысында болған нәрсе. Бірақ сол ойын барысындағы нәрсе сол жерде қалды деп ойлаймын. Ал оны Қырғызстан Республикасының палуандары кейінге қалдырып, әлеуметтік желілерге салып, талқылап жатыр. Бірақ біздің палуандарымыз өздігінен барып тиіскен жоқ», - деді көкпардан ұлттық құрама мүшесі Абылайхан Нышанбеков.
Еске салайық, екі елдің спортшылары ақтық сында барын салған еді. Шешуші кезеңде Қазақстанның көкпаршылары жеңісті жұлып алды. Марапаттау рәсімінде қырғыз ойыншылары жүлделерін тағудан бас тартып, тұғырдан түсіп, кетіп қалды.
Оқи отырыңыз: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті