ШЫҰ-ға мүше елдердің спорт саласы басшылары Алматыда спортшылардың дайындығын бағалады

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар Қарасай ауданындағы ең ірі спорт кешеніне барды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ШЫҰ мүше мемлекеттердің спорт министрлері мен дене шынықтыру саласына жауапты басқарма басшылары кеңес өткізді. Жиынның негізгі бағыты елдер арасындағы серіктестікті нығайтып, спортшылардың әлеуетін арттыру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бұқаралық спортты дамыту- мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі». Осылай деген Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев елдегі дене шынықтыру саласының қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, серіктес мемлекеттермен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Қазір елде спортпен жүйелі түрде айналысатындар халықтың 40,4 пайызын құрайды.

– Тәжірибе алмасу және жаңа бастамаларды талқылау арқылы ұйым кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейде бірлескен күш-жігерімізді байқата аламыз. Спортшылар спорт бәсекелерінде бір-біріне қарсылас болып, сынға түседі. Бәсекелестік спортшылардың тәжірибесін арттыруға зор мүмкіндік береді, – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің өкілдері Қарасай ауданында орналасқан ТМД елдеріндегі ең ірі спорт кешендердің біріне барып, спортшылардың олимпиада ойындарына даярлығын бағалады. Орталықта  бір уақытта 2300 адам шыныға алады. Нысанда 23 спорт түрінен олимпиадалық резервтегі спортшылар мен ұлттық құрама командалар дайындығын шыңдап жүр.

– Тарихи сәт болып жатыр. Тоғыз мемлекеттің министрлері келіп орталықты көріп жатыр. Бағасын берді. Бұл – біздің жетістігіміз, – деді олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов.

Ірі спорт кешенінде 9 ғимарат пен жазғы ойын алаңдары соңғы үлгідегі халықаралық сертификациядан өткен. Кешенді аралаған қонақтар спортшылардың дайындығына оң бағасын берді. Туризм және спорт министрінің кеңесшісі «бұл орталық талай спортшының қабілетін қайрап, жүлделі жеңістерге жетелейтініне сенімдіміз» деді.

– Спорт кешені Орталық Азиямен және ТМД-елдерінде жалғыз деп айтуға болады. Ол 40 гектар аумақты алып жатыр. Бұл кешенде алдағы уақытта халықаралық жарыстарды өткізе аламыз, – деді ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп.

– Алматыға алғаш рет келдім. Қазақстанның сұлулығына тәнтімін. ШЫҰ спорт министірлері мен өкілдері бас қосып жатыр, бұл – өте маңызды кездесу. Спорт, дене шынықтыру саласының дамуына бағытталған жобалар талқыланып жатыр. Кездесудің жемісті болатынына сенімдіміз, – деді спорт министрлігінің өкілі Суджата Чатурведи (Үндістан).

Іс-шара аясында еліміздің Туризм және спорт министрі мен шетелдік қонақтар орталық аумағына көшет отырғызды. Бұл кездесу ынтымақтастықты нығайтып, жаңа келісімдерге жол ашпақ.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда әлемнің жетекші дәрігерлері бас қосты

Новости партнеров