Алматыда Artsport бағдарламасы арқылы 40 мыңға жуық бала тегін секцияларға барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 6 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ жергілікті әкімдік салауатты өмір салтын ұстанатындардың санын арттыру үшін қаламыздың шет аумақтарында 7 спорт кешенін салып жатыр. Барлығының құрылысы 2025 жылға дейін аяқталады деп күтілуде.
Секцияға қатысушылар көп баратын қаладағы спорт нысандарының бірі – Халық арена. Мұнда 2 мыңға жуық бала 23 үйірмеге жазылған. Басым бөлігі грек-рим, шахмат және мәнерлеп сырғанау мен хоккейге барады. Көзге түскендер бірден клубқа алынып, түрлі лигаларда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.
«Құрама жастардан құралған. Барлығының талпыныс ниеті бар. Үнемі алға ұмтылады. Шәкірттерім түбінде өздерін көпшілікке мойындататына сенімім мол», – деді жаттықтырушы Олег Шулаев.
Ал Алматы аренада спорттың 26 түрінен 8 мыңға жуық бала секцияларға қатысса, соның тең жартысы Аrt.sport арқылы тегін жаттығады. Қала билігі қатысушылар санын арттыру үшін Алматының шет аумақтарына да көп көңіл бөліп, спорт кешендерін салып жатыр.
«Жазғы демалыс болғаннан кейін көбі демалыста. Қазір залда 30-дай бала жаттығып жатыр. Оқу жылы басталса бала саны 70-ке жетеді», – деді жаттықтырушы Бекболат Сәрсенбай.
«Қаламыздағы Жетісу, Медеу, Алатау және Түрксіб аудандандарында жергілікті бюджет есебінен 7 спорт кешені салынып жатыр. Сонымен қатар Алмалыда 2 учаске, Әуезов, Наурызбай аудандарында салынатын 5 дене шынықтыру кешенінің жобалары әзірленуде», – деді Спорт басқармасы басшысының орынбасары
Бекжан Онжан.
Айта кетейік, жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әрі Мәдениет және Спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы