Грэпплингтен әлем чемпионы атанған Қазақстан құрамасы елге оралды

Almaty.tv
Almaty.tv
Спортшыларымыз Түркияда өткен байрақты додада 4 медаль жеңіп алды, оның екеуі – алтын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Грэпплингтен әлем чемпионы атанған Қазақстан құрамасы елге оралды. Спортшыларымыз Түркияда өткен байрақты додада 4 медаль жеңіп алса, соның екеуі – алтын. Жарыс нәтижесінде топтық кезеңде алғашқы орынды иеленіп, тұғыр биігінен көрінді. Олардың арасында Алматыда жаттығатын Самат Айтпанбет те бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.                 

Бүгін әуежайға жиналған бір топ адам ел мерейін асқақтатып, көк туымызды Стамбұл төрінде желбіреткен Самат Айтпанбетті ерекше қуанышпен қарсы алды. Патриоттық әндер айтылып, көптің делебесін қоздырған салтанатты шарада барлығы спортшыға алғыс айтып, құрмет көрсетті. Себебі, біздің құрама топтық сында бас жүлдені иеленді.   

«Аллаға шүкір, осындай үлкен әлемдік додада чемпион атанғаныма қуаныштымын. Отбасыма, мені қолдаған барша адамға және бапкеріме көп рахмет айтқым келеді. Бұл Қазақстан бірінші рет қатысып жатқан әлемдік додадағы ең үлкен жарыстарының бірі болып есептеледі», – деді грэпплингтен әлем чемпионы Самат Айтпанбет.

Самат халықаралық турнирде әуелі америкалық, түркиялық және иорданиялық спортшылардан басым түссе, ақтық сында әзербайжандық қарсыласын жеңді.

«Шәкіртіме көңілім толды. Себебі ең бірінші қарсыласы мықты болған. Ол Америка чемпионы, әлем чемпионы атақтарының иегері. Соны Самат ұпай санымен жеңіп кетті. Ең алғашқы кездесуі қиынға соқты. Қарсыласы Саматқа қарағанда әлдеқайда тәжірибелі спортшы болған», – деді С.Айтпанбеттің бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров.

Споршының ендігі мақсаты – жақында Абу-Даби қаласында өтетін Әлем чемпионатында топ жару.

Мерей Қанапиянов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров