Алматыда керлингтен Тынық мұхиты мен Азия елдері арасында халықаралық чемпионаттың ашылу рәсімі өтті. Бәсі жоғары додаға 13 мемлекеттен барлығы 100-ге жуық спортшы қатысуда. Салтанатты шарада сөз сөйлегендер қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Керлингтен Азияның үздік спортшылары Алматы аренада бас қосты. Олардың арасында 2018 жылғы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері оңтүстіккореялық Юн Чжун Ким өз елін бастап келсе, Жапония құрамасы Саяку Есимуруға сенім артып отыр. Ал еліміздің Федерация өкілдері спортшыларымыз қалай да қоржынымызға медаль салады деген үмітте.
«Біраз мемлекет пандемияға байланысты шыға алмады. Мысалы, Австралиядан келмек болған команда дайындалып жатса да, соңғы сәтте шыға алмай қалды. Африкадан командалар келуі тиіс еді. Алайда індетке байланысты олар да шықпай қалды», – деді ҚР кёрлинг федерациясының президенті Амантай Күренбеков.
Одан бөлек, бұл турнирде ерлер арасында жеңімпаз атанған құрама 2022 жылы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін әлем біріншілігіне жолдама алса, әйелдер Канадада бақ сынау мүмкіндігіне ие болады.
«Бұл осымен 3-ші рет өтіп жатқан дәрежелі турнир. Осыған дейін Алматыда 2017 жылғы Универсиада ойындары өтсе, одан кейін әлем кубогі кезеңдерін ұйымдастырдық. Ендігі мақсат – осы турнирде жүлдеге таласып, сәтті өнер көрсету және ел намысын абыроймен қорғау», – деді керлингтен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Виктор Ким.
Айта кетейік, байрақты дода 13-ші қарашаға дейін жалғасып, жеңімпаздар сол кезде марапатталады.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы