Алматыда жүгіруден бір апталық онлайн-марафон басталды. Елдегі карантиндік ахуалға қарамастан «Алматы марафон» жобасы мен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының ұйымдастырушылары спорт сүйгіш жандар үшін кішігірім марафон ұйымдастырды. Спорттық шара қалайша онлайн режимде өтуде? Қатысушылар қанша шақырым жүгіруі керек? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай айтып берсін.
«42,2 Week» деп аталатын бұл марафонда әрбір қатысушы нақты 42 шақырым 195 метр қашықтықты еңсеруі қажет. Жарыс аптасы 4 қазанға дейін жалғасады.
Биыл карантиндік шектеулерге байланысты әуесқой спортшылардың
денесін шынықтырып физикалық түрде жаттығуына мүмкіндік болмады. Сондықтан марафон қатысушыларына берілген шақырымды бірнеше күн ішінде бөліп жүгіруге рұқсат беріліп отыр.
Спорттық шараға қатысуға мың адам ниет білдірген. Енді, марафоншылар міндетті қашықтықты 7 күнде еңсеруі тиіс. Алайда үзілістердің саны оннан аспауы керек. Шараның соңғы күні әрбір қатысушыға финишер медалі табысталады.
«Әрине, қазір барлығымызға ауқымды жиындар өткізуге болмайтыны белгілі. Олардың қатарында спорттық шаралар да бар. Біздің мақсатымыз «Алматы Марафонның» тұрақты қатысушыларына онлайн болса да, спортпен айналысуға мүмкіндік беру. Әзірге тығырықтан осылай шығып жатырмыз. Әуесқой спортшыларымыздың әрқашанда дені сау әрі күш-қуаты мол болғанын қалаймыз», – деді Алматы Марафонның директоры Салтанат Қазыбаева.
Қатысушылар қашықтықты кез келген ыңғайлы жерде жүгіріп өте алады. Әрбір марафоншы жүгіру барысында арнайы мобильді қосымшаны қосып отыруы керек. Ал мәреге жеткен адам өз нәтижесін марафонның сайтына жүктейді. Биылғы ерекше форматтағы спорттық шарадан «Алматы марафонның» тұрақты қатысушылары да шет қалған жоқ. Олардың бірі Нұрсұлтан Кемеш бүгінде 9 шақырымды бағындырыпты.
«Қазір өзіңмен өзің жарысасың. Бұрын сондай іс-шараларда шеттен тұрып қолдаушылар болатын. Бірақ қазір ондай жоқ. Ешқандай қолдаушылар да жоқ. Тек өзіңмен өзің жарысасың. Тек кешегі күнге қарағанда бүгін жақсырақ боламын деген ниетпен дайындаласың», – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан Кемеш.
Марафон соңында шара ұйымдастырушылары 6 жеңімпазды анықтайды. Яғни, 3 ер азамат пен 3 нәзік жанды арнайы сыйлықтарға ие болады. Одан өзге жақын арада барлық қазақстандықтар қатыса алатын спорттық жобаны бастау жоспарланып отыр.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы