Алматыда фристайлдан Әлем кубогы кезеңдері өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv. Айтулы аламанда Қазақстан намысын Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері мен Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпаздары Юлия Галышева, Жанбота Алдабергенова, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Аяулым Әміренова, Сергей Романов, Ақмаржан Қалмырзаева қорғайтын болады. Фристайлдың акробатика түрінен дүбірлі додалар 28 ақпан күні «Ой қарағай» курортында өтсе, ал могулдан 12 елдің спортшылары 1 наурыз күні Шымбұлақ тау-шаңғы кешенінде кім мықтыны анықтамақ.
«Қазақстан құрамасы өте мықты және әлем жұлдыздарымен бәсекелесуге дайын. Сонымен қатар, әйелдер командасында өзін дәлелдеуі керек жас спортшылар да бар. Мен Қазақстан құрамасынан жоғары нәтижелер күтемін», – деді Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясы (fis) фристайлдан әлем кубогының директоры Джо ФИТЦЖЕРАЛЬД.