Чемпиондар лигасы: алматылық «Қайрат» Грекияның «Олимпиакосына» қарсы сынға түседі

Мачт елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының 6-турында Грекияның «Олимпиакосына» қарсы сынға түспек. Бұл матч қос команда үшін турнирлік жағдайын жақсартуға аса маңызды. Бұл жолы кездесу әдеттегідей Алматыда емес,  Елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматылық «Қайратты» Чемпиондар лигасында кезекті қиын матч күтіп тұр. Бүгін Уразбахтин шәкірттері Грекияның алпауыт клубтарының бірі «Олимпиакоспен» кездеседі. Екі команда арасындағы айырмашылық айтарлықтай білінеді. Грек клубының ойыншылары 120 млн еуроға, ал алматылықтардың құрамы 13 млн еуроға жуық бағаланады.

Айта кетейік, ауа райының қолайсыздығына байланысты «Қайрат» өз алаңында өткізетін екі матчты Астанада қабылдауға мәжбүр. Осы жайтқа қатысты қарсылас команданың бас бапкері де пікір білдіріп, матч алматылықтар үшін де өз алаңында өтпейтінін айтып, ойын екі тарапқа да оңай болмайтынын атап өтті.

«Біз «Қайрат» командасын толық зерттеп үлгермедік, ойындарын талдауға көп уақыт болған жоқ. Біздің Астанаға келгенімізге 2 күн ғана болды. Десе де бұл матч «Қайрат» үшін қиын болатыны сөзсіз. Себебі олар өз алаңында ойнамайтынын ескеру керек. Бірақ қарсыластарымыз ашық ойнайды, шабуылы мен қорғанысы да мықты екенін ұмытпауымыз керек», – деді  «Олимпиакос» ФК бас бапкері Хосе Луис Мендилибар.

Десе де «Қайрат» ойыншылары бұл пікірмен келіспейтіндерін жеткізді. Грузиялық жартылай қорғаушы Гиорги Зарианың айтуынша, басқа алаңда ойнасада мақсаты – Қазақстанның намысын қорғау.

«Әрине Алматыда емес басқа алаңда ойнаймыз. Десе де бұл лигада Қазақстанның намысы үшін өнер көрсетеміз. Сондықтан Астананы өз үйіміздей сезініп жүрміз. Тағы бір айтарым ертең жеңіс үшін барымызды саламыз. Жанкүйерлер қолдауға келеді деген үміттемін», – деді «Қайрат» Фк ойыншысы Гиорги Зариа.

«Олимпиакос» футболшылары Астанаға 7 желтоқсан күні түнде келді. Келесі күні-ақ алғашқы жаттығуларын өткізіп, елордадағы суық ауа райына байланысты әсерін бөлісті. Команданың әлеуметтік желідегі ресми парақшасы әуежайға түскен сәтте 4 градус салқын болғанын атап, таңданысын жасырмады. Синоптиктердің болжамынша бүгін ауа райы оданда салқындап 8-ден 21 градусқа дейін төмендейді. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы суық климат пен аренадағы жасанды төсеніш грекиялық клубқа белгілі бір қиындық тудыруы мүмкін.

 «Уефа Чемпиондар лигасының матчы кез келген командаға қиын болады. «Қайрат» командасы өз алаңында ойнайды. Бірақ Алматыда емес дегенмен «Астана аренада» алматылықтар қолдаусыз қалмайтыны сөзсіз. Соған қарамастан жігіттер ертең барын салып, Чемпиондар лигасының алғашқы жеңісіне қол жеткізуге барын салады», – деді ҚФФ баспасөз қызметкері Сейіл Қожатай.

Бұған дейін Уразбахтиннің шәкірттері өз алаңында «Реалдан» 5:0 есебімен ірі жеңіліс тапса, «Пафоспен» өткен кездесуде 0:0 есебімен тең түсті. Ал сырт алаңдағы матчтарында «Интерден» 2:1, сондай-ақ Данияда «Копенгагеннен» 3:2 есебімен ұтылды. Қазіргі таңда турнир кестесінде «Олимпиакос» 2 ұпаймен 33-орында, ал алматылық команда 1 ұпаймен 35-орында орналасқан.

Оқи отырыңыз: Михаил Шайдоров Гран-при финалында алтыншы орын алды

Новости партнеров