Желтоқсан айында Мөңке би көшесінде көлік жолайрығын салып, Саин көшесін ұзарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала басшысының айтуынша, былтыр Алатау ауданында бірнеше көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізген.
«2022 жылы Алатау ауданында 53 көшедегі ұзындығы 42 км жолға орташа жөндеу, сондай-ақ 35 көшеге жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін Алғабас (32 км; 2021 жылы басталған) және Шаңырақ-1 (8,5 км; 2022 жыл) шағынаудандарында 40,5 км жаңа жолдың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ осы жылдың III тоқсанында Шапағат шағынауданында сумен жабдықтау және канализация желілерін салу аяқталғаннан кейін 4,8 км жаңа жолдың құрылысы басталады. 2023 жылы біз ұзындығы 38 км болатын 50 көшеге орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ, әкім биыл Саин көшесін ұзарту жұмыстары аяқталатынын жеткізді.
«Биыл желтоқсан айында Мөңке би көшесінде көлік жолайрығын салып, Саин көшесін ұзарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған, соның арқасында қаланың негізгі магистралдық көшелерінде, яғни Рысқұлов даңғылы мен Момышұлы көшесінде, сондай-ақ аудандық маңызы бар көшелерде көлік легі айтарлықтай азаяды», – деді қала әкімі.