2023 жылы ең көп сұранысқа ие 3 маршруттағы автобустар жаңарады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«2022 жылдың көктемінде Алматы қаласының әкімдігі 450 жаңа автобус сатып алды, оның ішінде 92 (20%) автобус Алатау ауданына берілді. Жаңа автобустардың арқасында 12 маршруттық желінің мәселесі шешілді. Сонымен қатар, 4 жаңа маршрут ашылды. Қозғалыс интервалын сақтап қалу үшін автобустар санын көбейтіп, 2 маршрут ұзартылды. 4 маршрут желісіндегі 52 автобус жаңартылды. Осылайша, ауданның автобус паркі 100% жаңартылды. 2 маршрутта жүру интервалы қалпына келтірілді», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Шаһар басшысының сөзінше, биыл 3 маршруттағы автобустар жаңарады.
«2023 жылы біз ең көп сұранысқа ие 3 маршруттағы (№69, №125 және №24) автобустарды жаңартуды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес қала маңы аймағының тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін осы жылдың ІІІ тоқсанында Көліащы кентінен Сәлем базарына дейін №213 маршрутты іске қосу жоспарланған. Ол Алатау ауданының бір бөлігін қамтитын болады. Өткен жылдың басында аудан бойынша аялдама кешендеріне жалпы қажеттілік 90 бірлікті құрады. 2022 жылы 40 аялдама орнатылды. Қалған 50 аялдама 2023 жылы орнатылады. Осылайша, аудандағы аялдаманың мәселесі 2023 жылдың соңына дейін толық шешіледі», – деді қала әкімі.