Биыл Бостандық ауданындағы 65 көше жөндеуден өтті. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Осы жылдың басынан бастап жалпы ауданы 8 248 шаршы метр 65 көше ағымдағы жөндеуден өтті, ұзындығы 15,2 км 18 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Оның ішінде тұрғындардың өтініші бойынша Талапты көшесі жөнделді. Бұдан басқа, 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - деді қала әкімі.
Ерболат Досаевтың айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері жаяу жүргінші өткелдері белгіленіп, 18 бағдаршам орнатылды.
«Ауданда құқықбұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу үшін 1 245 көп пәтерлі үйге 7 639 камера орнатылды. 2022 жылдың желтоқсан айында адамдар көп жиналатын жерлерге қосымша 301 бейне мониторинг жүйесі (БМЖ 3050) орнатылады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 103 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені (АПК) (792 камера) орнатылды.2023 жылдың 1 шілдесіне дейін тағы 96 «Сергек» (465 камера) орнатылады. Оның ішінде 78 желілік камера негізгі көшелерде, 18-і жол қиылыстарында болады», - деді Ерболат Досаев.
Әкімнің айтуынша,«Южный» паркінде стационарлық модульдік полиция пункті орнатылды.