Елорда мен Ыстанбұл арасында қатынайтын ұшақтар күніне екі рет жолаушы тасымалдайтын болады. Бұл туралы ҚР Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
«Азаматтық авиация комитеті Нұр-Сұлтан қаласы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатынау мүмкіндіктерін арттыру үшін түрлі шаралар қабылдауда. Биылғы маусым айынан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы «Нұр-Сұлтан – Ыстанбұл» арасындағы әуе рейстерінің санын аптасына 5 реттен 6-ға көбейтеді. Қосымша рейстер А320 кемелері арқылы жүзеге асады», - делінген хабарламада.
Комитеттің хабарлауынша, шілде айынан бастап түркиялық Turkish Airlines компаниясы екі қала арасындағы әуе рейстерін аптасына 5 реттен 7-ге арттыруды көздеп отыр. Осының нәтижесінде аталмыш қалалар арасына қатынайтын ұшақтар аптасына 13 рет жолаушы тасымалдайтын болады.