Қазақстанда жүргізуші куәлігін алып жүрмегені үшін айыппұл салынбауы мүмкін. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ескерте кетейік, бұл түзетулер шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды. Аталған заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеген.
«Бұл құжат жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жүргізушінің өзімен бірге алып жүруге міндеттейтін нормаларды алып тастау көзделеді. Аталған нормаларды сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау ұсынылады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қанат Мусин.
Бұдан бөлек, депутат Дания Еспаева Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында «Дәрігер мен медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеуді ұсынды. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы денсаулық сақтау жүйесіндегі көптеген проблемаларды ашып көрсеткен. Депутаттың мәліметіне сүйенсек, 1 қазандағы жағдай бойынша өз қызметінде басқа адамдарды құтқару барысында 182 дәрігер мен медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болған. 13 мың ақ халатты жан осы індетпен ауырды.
«Бұл жерде мәселе төлем мөлшерінде де емес, ал мемлекеттің пандемияның жаңа толқыны қарсаңында әлеуметтік маңызы зор мамандыққа деген қарым-қатынасында. Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда төлемдерді азайтуға болады, бірақ оны қоғам мен мемлекеттің ақ халаттағы жандардың ерен еңбегін бағалау белгісі ретінде қалдыруға болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәния Еспаева.