Автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу тәртібін қайта қарау керек. Бұл туралы еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Данияр Сабырбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, шын мәнінде техникалық байқау ешбір негізі жоқ немқұрайлы шараға айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар, қазіргі кезде техникалық байқау шаралары бастапқыда жүктелген қызметтерді орындамай жатқан көрінеді. Сондықтан, еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Данияр Сабырбаев техникалық байқауды сапалы жүргізудің тетігі дайындалғанша, оны уақытша тоқтата тұруды ұсынды.
Ал, Алматы облысы бойынша көліктік қадағалау инспекциясымен бірлесе жүргізілген шара барысында «ватсап арқылы техникалық байқау» сияқты заңсыз қызмет түрлері анықталған. Аталған факті Талдырқорған қаласында тіркеліпті. Яғни көлікті тиісті орынға кіргізбестен, 6 мың теңгеге техникалық картаны алу мүмкіндігі бар. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде жүргізіліп жатқан техникалық байқаудың жағдайы қоғамдық қауіпсіздік тұрғысында қатерлі. Осыған орай, агенттік техникалық байқау стансасынан өту форматын қайта қарастыру керек деген ұсыныс білдірді.