Алматы «Метрополитен» КМК басшылығына Сағындық Телібаев тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов жаңа басшы Сағындық Телібаевты ұйым қызметкерлеріне таныстырды. Сонымен қатар, ол жолаушыларға қызмет көрсету сапасының жақсарту, қауіпсіздік деңгейінің жоғарылауы, жолаушылар ағынының артуы сияқты бірқатар міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ, ол Сағындық Телібаевтың тәжірибелі менеджер, көлік саласында мол тәжірибесі бар екенін тілге тиек етті. Жалпы метроны одан әрі дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды. Сағындық Телібаев метрополитендегі еңбек жолын «Алматыметрокрылыс» АҚ күрделі құрылыс басқармасының техникалық инспекторы болып бастады. Кейін күрделі құрылыс бөлімінің жетекші инженері, Алматы қаласының «Метрополитен» КМК техникалық бөлімінің жетекші инженері болды.
Ал Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жол инфрақұрылымы бөлімінің маманы болып бастады. Соңғы бірнеше жылда Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы болды.