Алматыда Қазақстан темір жолының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Құдайберген Көпжасаровтың құрметіне мемориалдық ескерткіш ашылды. Тақтайша, құрметті теміржолшы көзі тірісінде тұрған үйге орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол экономиканың күре тамыры саналатын елдегі көптеген шойын жолдардан бөлек, Алматы-1 секілді станциялардың құрылысына атсалысқан. Сондай-ақ қазақ жерінде теміржолшыларды дайындайтын алғашқы институттың ашылуына сүбелі үлес қосқан. Салтанатты шараға Құдайберген Дүйсенұлының әріптестері, шәкірттері мен туыстары жиналды.
– Құдайберген Көпжасаров – қазақ теміржолына, осы саланың дамуына, өркендеп өсуіне, гүлденуіне зор еңбек сіңірген адам. Теміржол саласының ерекше тұлғасы, – деді шәкірті Қалтай Сәмбетов.
– Құдайберген Дүйсенұлы – қазақтың біртуар ұлы, қайсар, ақылды, парасатты азамат. Ол – теміржолда жоғары білімі бар тұңғыш маманның бірі. 30 жасында Семей теміржол бөлімшесіне бастық болды, – деді әріптесі Қырықбай Әлсейітов.
Оқи отырыңыз: Шымкентте 4 жасар баланың қолы ет тартқышқа кіріп кетті