Алматыдағы Жандосов көшесіне де BRT желісі енгізіледі

Алматыдағы Жандосов көшесіне де BRT желісі енгізіледі
Бүгінде BRT жолағымен Алматыда айына 10 млн жолаушы қатынайды екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының Жандосов көшесінде BRT желісі пайда болады. Құрылыс жұмыстары осы жазда басталып, жаңа оқу жылына дейін аяқталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұзындығы 1 шақырымды құрайтын арнайы автобус жолы Жандосов көшесінің Тимирязевтен Сүлейменовке дейінгі аралығында жасалады. Бұл аралықта BRT қозғалыс бөлігінің оң жақ шетімен өтеді.

Жалпы, Алматыда BRT желісі іске қосылғалы қоғамдық көлікпен жүретіндердің қатары 40 пайызға көбейген. Мәселен, былтыр BRT жолағымен айына 6 млн жолаушы қатынаған болса, қазір бұл сан 10 млнға жетіп отыр. Автобустар бұрынғыдай ұзын-сонар кептелісте тұрмай, тұрғындарды діттеген жеріне тез жеткізеді. Мамандардың айтуынша, қазір дәл осы жолақпен қатынайтындар уақыттарын 15 минутқа дейін үнемдейді екен.

«BRT желісімен жүретін жолаушылардың саны 40 пайызға артып отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Алматы қаласы бірінші болып қоғамдық көлік жүйесін ретке келтірді. Қолма-қол төлемнен арылып, күн сайынғы түсім мен салықты ашық түрде бақылап отырмыз. Соңғы 3 жылда мыңнан астам автобусты жаңарттық, биыл тағы 500 қоғамдық көлікті жаңартамыз. Біз ең алдымен жолаушыларға жағдай жасап, көрсететін қызмет сапасын артыру қажетпіз», – дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

BRT желісінің алғашқы бөлігі Алматы қаласында 2017 жылы Мустафин көшесінде пайда болған еді. Былтыр ұзындығы 5 шақырымды құрайтын жолақ Тимирязев көшесінде қолданысқа енді. Ал биыл BRT Жандосов көшесінде жасалады.

«Жандосов көшесіндегі ұзындығы 1 шақырымды құрайтын BRT желісін салу жұмыстары басталып кетті. Құрылыс жаз кезінде қарқынды жүргізіліп, жаңа оқу жылында жолақты қолданысқа береміз деп жоспарлап отырмыз. BRT жолағын салғанда тұрғындар бастапқыда шағымданды. Бірақ, осы желі арқылы қазір қоғамдық көлік жолаушыларының саны артқанын байқап отырмыз», – дейді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Асан БОСТАНОВ.

Жылдам қозғалысқа жол ашатын мұндай желі Стамбұл, Лос-Анджелес және Буэнос-Айрес сынды әлемнің бірқатар қалаларында сәтті нәтиже көрсеткен. ТМД елдері арасында BRT жолағын Алматы алғашқылардың бірі болып енгізген. Бүгінде қоғамдық көлік қолданушылары арасында өз тиімділігін көрсетіп үлгерген жобаға еліміздің өзге өңірлері де қызығушылық білдіріп, болашақта қолданысқа енгізгелі отыр.

«Өзімнің жеке көлігімді сатып, жаңасын алғанша маған қоғамдық көлікпен жүруге тура келді. Жеке көлігіңе қарағанда осы тиімді ме деп ойлап отырмын», – дейді Алматы тұрғындарының бірі.

Студенттер де BRT қосылғаннан кейін сабаққа бұрынғыдан жарты сағат ерте баратындарын айтып отыр. Олар бұрын уақыттың көбін автобуста өткізетін едік дейді.

Алдағы уақытта бұл жүйені одан әрі жетілдіріп, жолаушыларға көрсететін қызмет сапасын арттыру үшін аялдамалардағы электронды таблодардың санын көбейту көзделіп отыр. Бұған дейін BRT желісіндегі аялдамаларға қоғамдық көліктердің келер уақытын айна-қатесіз көрсететін 8 ақпараттық тақта қойылған еді. Енді жыл соңына дейін мұндай таблоның тағы 50-і орнатылады.

«Электронды табло өз тиімділігін көрсетті. Жолаушылар соған қарап қай автобустаың қанша уақытта келетінін біледі. Егер ара-қашықтың ұзақ болса, аялдамада ұзақ тұрмай өзге автобусқа мініп кете береді. Биыл тағы 50 табло орнатамыз. Оларды бірінші кезекте жолаушылар көп жүретін Абай, Назарбаев даңғылы және Төле би сынды қаланың магистралді көшелеріне қоямыз», – дейді «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС директоры Садир ХАМРАЕВ.

Алматының қоғамдық көліктерін реформалаудың арқасында тұрғындар тарапынан түсетін шағым да азайыпты. Қазір мамандар «Оңай» картасының мүмкіндіктерін арттырып, аталмыш бағдарламаның мобильдік нұсқасын жетілдіруде. Бүгінде 230 мыңнан астам жолаушы «Оңай» қосымшасын тұрақты қолданатын көрінеді. Ал, карта арқылы жылына 350 млннан астам транзакция жасалады.

Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров