Алматыда карантиндік шараларды күшейту мақсатында қаланың ішінде 26 бекет ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы мақсатта карантиндік шараларды күшейту үшін қалада жүріс бөлігін тарылту және шектеу белгілерін орнату арқылы 26 пост ұйымдастырылады. Төтенше жағдайдың режимін қасақана бұзатын автокөлік иелері ҚР ӘҚбК-нің 785 бабына сәйкес айыппұл тұрағына жөнелтілетін болады. 65 жастан асқан азаматтарға үйден немесе пәтерлерінен шықпау ұсынылады. Көшеде үлкен адамның қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарға ерекше назар аударылады. Егер кәмелетке толмаған балалар көшеде жүргені анықталса, олардың ата-аналары немесе қамқоршылары ҚР ӘҚбК-нің 476 бабына (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады», - деді ПД басшысы Қанат Таймерденов.