Алматыда қандай көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Жоспарға сәйкес ұзындығы 200 шақырым болатын 230 көше жаңартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы көшелеріндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары бұрын-соңды қолданылмаған жаңа әдіс бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде жолдағы қозғалыстың баяулап, кептелістің артуына ықпал етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір қала көшелерінде жөндеу қызу жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес ұзындығы 200 шақырым болатын 230 көше жаңартылады. Оның 15-і  магистральды жолдар. Атап айтсақ, Түрксіб ауданына қарасты Сейфуллин көшесі бойындағы көпір 1980 жылдан бері жөндеу көрмеген екен.

– Байқасаңыздар, баспалдақтары мен өтпе жолдары ескірген. Көпір үстімен күніне жүздеген көлік өтеді. Әрине қауіпсіздік жағын ескеру керек. Сол себепті де жөндеуді бастадық. Бастысы, жұмыстың сапалы болуы. Тағы бір айта кететіні, көпірдің бастапқы қалпы мен тарихи келбеті барынша сақталады, – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.

Жалпы қала бойынша ұзындығы 3 мың 97 шақырым болатын көше жол желісі бар. Қазір жүргізіліп жатқан күрделі жол құрылысынан кейін автожол сапасының үлесі 86 пайыздан 89-ға көтерілген. Ал оны 2025 жылға дейін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. Шаһардың негізгі магистральді жолы Әл-Фараби даңғылында да қазір жұмыс қауырт. Оны тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделген.

Қаладағы Абай даңғылында ұзындығы 7 шақырым жолға асфальт бетонды жамылғы жаңадан төселіп жатыр. Басқарма мамандарының айтуынша, даңғыл жол соңғы рет 2012 жылы жөнделген. Осы уақыт аралығында көлік жүретін жол әбден тозған.

Сондай-ақ Есентай өзені арқылы өтетін көпір апатты деп танылған. Мұндағы тіреуіш темірлер 15 см-ге дейін төмен қарай иілген екен. Қазір оны жаңарту жұмыстары да басталып кеткен.    

– Көпірдің гидроизоляциясы жасалады. Содан кейін үстіне асфальт бетон салынады. Өздеріңіз білесіздер, қазір Әл-Фараби көшесінің жылдамдығы сағатына 80 шақырым. Ол адамдарға өте қауіпті. Соны ескере отырып, біз мына көпірдің құрылысымен қатар, осында жаяу жүргіншілерге және велосипедшілерге арналған жеке көпір саламыз, – деді Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.

Сала мамандары жаңа технология бойынша жолға төселіп жатқан асфальттың құрамында шағыл тастар барын айтады. Бұл жол төсемінің төзімді әрі берік болуына негіз болады.

– Ірі тастардың өлшемдері 20 мм, яғни 2 см. Бұл тастар өзара бірігіп, каркас түзеді. Бұлар мынандай қоғамдық көліктер мен жүк көліктеріне жүргенде төзімді болады. Абай даңғылы сияқты арнайы қоғамдық көлікке бөлінген жолақтар бар. Сол жерге бір қабат емес, екі қабат салып жатырмыз. Үстінде 5 см. Астында ірі кеуекті арнайы асфальт бетон, – деді  «Жол ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС директоры Бағдат Телтаев.

Күрделі жол құрылысы жүріп жатқандықтан Алматыда көлік кептелісі де көбейіп, қозғалыс баяулаған. Мамандар жаңа технологияның да өз талаптары барын айтады. Жол жамылғысы төселгеннен кейін ол 36 сағат кебуі керек. Сол себепті бұл іске жауаптылар қаланың кей аймақтарында жолды жөндеуге жабу біразға созылуы мүмкін екенін ескертеді.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров