Алматы тұрғыны Әмір Бегдесенов қала билігінің магистральды көшелердегі жылдамдықты түсіру туралы шешімін сотқа берген болатын.
Оның ойынша, бұл шешім жүргізушілердің құқығын шектейді. Бүгін аталған іске байланысты сот үкімі шықты. Бостандық аудандық соты Алматы тұрғынының шешімді заңсыз деп табу туралы арызын қанағаттандырмады, деп жазды ҚазАқпарат.
«Әмір Бегдесеновтың арызы қанағаттандырусыз қалсын», - деді судья Айгүл Абайділдинова. Алайда, сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
«Қазақстан Республикасының ең құнды байлығы - адамдары, оның құқықтары мен бостандығы. «ҚР Жол қозғалысы туралы» Заңының 3 бабына сәйкес жол қозғалысының басты қағидаты - адамдардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің жауапкершілігі болып табылады. Арызданушы азамат бұл шешімнің жүргізушілерге ыңғайсыздық туғызатынын айтты. Алайда, бірінші орынға оның құқығынан бұрын жол қозғалысының қауіпсіздігі шығып отыр», - деді сот.
Айта кету керек, 15 қаңтардан бастап Алматыдағы үш көшеде шекті жылдамдық 60 км/с дейін төмендетілген болатын. Әл-Фараби, Саин, Шығыс айналма жолындағы жылдамдық режімін сақтамағандарға ескерту жасалды. Осыған дейін Алматыда қандай автобустардың бағыты өзгеретіндігін жазған болатынбыз.