Қазақстанда сутегімен жүретін алғашқы пойыздар пайда болады

Сурет: alstom.com
Сурет: alstom.com
Жасыл технология логистика саласына да енгізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Қазақстан Теміржолы" ұлттық компаниясы 2027 жылдан бастап сутегімен жүретін локомотивтер сатып алмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Осылайша, олар логистикалық компаниялардың алдындағы экологиялық иммиджін жақсартпақ.

Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев «New Silk Way» халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумында осындай мәлімет айтты.

 2027 жылдан бастап «Қазақстан Теміржолы» жасыл сутегімен жүретін локомотивтер сатып ала бастайды.

 - Біздің локомотивтер паркі жасыл энергетикаға басымдық беретін болады. Оған дейін газбен жүретін локомотивтер сатып алмақшымыз. Өткенде ол туралы да келісімдерге қол қойдық. Газ да жасыл технологияға жатады. Яғни, жасыл технология логистика саласына келіп жатыр. Ірі компаниялармен келіссөз жүргізгенде жобаның құнымен бірге жүктің әр тоннасына қанша шығарынды келетіні нақты жазылады. Ірі компаниялардың бәрі логистикалық өнім сатқанда міндетті түрде көміртегі ізін көрсетіп отырады. Бұл – уақыттың пәрмені, - деді ол.

Компания басшысы Қазақстан аумағымен жүк тасымалдағысы келетін ірі компаниялар онлайн бақылау жүйесінің жетілмегеніне сақтықпен қарайтынын айтады.

 - Біздің сала үшін цифрландыру да маңызды. Өйткені ірі компаниялармен сөйлескенде олардың айтатыны бар. Қазақстан аумағына кірген сәттен бастап жүгімізді көруден қаламыз. Қай жерде кетіп бара жатқаны немесе тұрғаны беймәлім болып кетеді. Сондықтан осындай технологиялардың пайдасы зор. Қазір әлемнің ірі компанияларымен жұмыс істеп, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан тарапымен осы цифрлық дәлізді құруға уағдаласып жатырмыз, - дейді Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.

Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша теміржол саласындағы жүк айналымы 7 пайыз өскен. Негізгі өсім транзит есебінен тіркелген. Өсімі – 25 пайыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы мен Wabtec арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылған болатын.  «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровтың айтуынша, америкалық локомотив өндіруші компания Citibank-тің қаржыландыруы арқылы елімізде 240 локомотив жасамақ. Мәміленің құны 900 млн долларға тең. Келісім «Қазақстан темір жолы» компаниясының 15 пайызға жуық лкомотивін жаңалауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда пойыздар неге жиі кешігеді

Новости партнеров