Салықтан жалтарған алматылық көлік жүргізушілері қазынаға 5 миллиард теңгеден астам ақша қарыз. Бұл – 2 жыл ішінде жиналған сома, деп хабарлайды
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің дерегінше, борышкерлер көпшілігі элиталы темір тұлпармен жүретіндер. Сондықтан бүгіннен бастап хабарламаны алса да, ескертуге құлақ аспағандар үшін тиісті шара қолданылмақ.
«Өздеріңіз білесіздер 1 сәуірде көлік салығын төлеу мерзімі аяқталды. Осыдан кейін төлемеген азаматтарға хабарлама жолданды. Сонымен қатар, салықтық бұйрықтар да жолданды. Оны орындауға 35 жұмыс күні берілді. Енді төлемегендерден салықты мәжбүрлеп өндіру үшін біз сот орындаушыларға жолдаймыз», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев.
Айта кетсек, борышкерлерді табу үшін «Сергек» бейнекамералары да қолданылады. Көліктің бағыты анықталып, тәртіп сақшылары алдынан шығады. Олар оқиға орнында жүргізушінің құжаттарын тексеріп, көлікті айыппұл тұрағына алып кетеді.
«Бүгінгі рейдте анықталған борышкердің қарызы 1 миллион теңгеден асып жығылады. Одан бөлек ол кісінің төленбеген әкімшілік айыппұлдары да бар. Сондықтан ұсталған азаматтың көлігін тәркілейміз. Біздің бұған құқығымыз бар», – деді Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Аида Рахымбаева.