Алматы облысындағы жаңадан салынған 148 жолдың 36 пайызы талапқа сай болмай шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Ұлттық сапа орталығы филиалының өкілдері мәлім етті. Олар алған 469 сынаманың нәтижесінде асфальттың дұрыс төселмегенін, тиісті стандарттар сақталмағанын анықтаған.
Жол активтері ұлттық сапа орталығының облыстағы филиалы жыл басынан бері өңірдегі жолдардан 469 сынама алған. Тексеру нәтижесінде соның 64 пайызы ғана стандартқа сай болып шыққан. Яғни, жаңа деген асфальттардың біраз бөлігі сапасыз деп танылған.
«Тығыздалу коэффициенті, оның сумен қанығуы талаптарға сай болмай жатады. Егер жол жамылғысы құрылыс процесі кезінде дұрыс нығыздалмаса жол табанының тереңдігі артып, жол қауіпсіздігіне әсер етеді», – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының зертханашысы Нұрдәулет Мықтанбек.
«Мамандар құрылыс кезінде барлық норма сақталуы тиіс» дейді. Жалпы ұлттық сапа орталығының аймақтағы зертханалары қазір республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды ғана емес, ауыл ішін де тексере алады.
«Біздің қызметіміздің мақсаты – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір құрылған орталық барлық жалпыға ортақ жолды, соның ішінде жергілікті жолдарды тұтас қамтиды», – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының жол инженері Руслан Қашқынбай.
Айта кетсек, өткен жылы Алматы облысындағы жолдардан 2100-ден астам сынама алынған. Соның 57 пайызы стандартқа сай болса, 43-де тиісті талаптардың сақталмағаны анықталды.
Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы қаласында Абай даңғылы бойынша жол жүру ішінара шектеледі