|
02.11.2021 | 19:35
6423

Петропавлда газ бағасы күз басталғалы бері бірнеше рет қымбаттады

Бір ай бұрын 75 теңге болған газ бағасы қазір 130 теңгеге көтеріліп кеткен

Петропавлда газ бағасы күз басталғалы бері бірнеше рет қымбаттады Almaty.tv

Петропавлда күз басталғалы газ бірнеше рет қымбаттады. Бір ай бұрын ғана көгілдір отын бағасы 75 теңгеден 110 теңгеге өскен болатын. Енді қала тұрғындары оның литрін 130 теңгеге құйып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Николай Пипконың көлігі газбен жүреді. Ол біраз жыл бұрын ақшасын үнемдеймін деп бензиннен газға көшкен. Ал биыл көгілдір отынның бағасы бірден 50 теңгеге шарықтап кеткен. Бұған наразы тұрғын енді газдан қайтадан бензинге көшемін деп отыр.

«Газ қатты қымбаттап кетті. Оның неге қымбаттағаны түсініксіз. Бензин бағасы да өседі. Түсінгенім,  газбен жүру қазір тиімсіз болып кеткен. 4 күн бұрын астанада болдым, онда газ 80 теңге деп тұр», – дейді қала тұрғыны Николай Пипко.

Газ бағасының осы күзде бірнеше рет өскені қала тұрғындарының қалтасына салмақ салып отыр.  Михаил Филипов Петропавлдың барлық бекеттерін аралап шығып, газдың арзанын таппапты. Оның сөзінше, мұнда көгілдір отынның бағасы басқа өңірлерге қарағанда бірнеше пайызға қымбат. Қалтадан қақса да, оны алудан басқа амал жоқ деп отыр.

«Азық-түлік қымбаттады, газ бен бензин, жағармай қымбаттап кетті ғой. Біз не істей аламыз? Бәрі қымбат. Осы уақытқа дейін қалай газ құйып келдік, әлі де солай жүре береміз. Бәрібір жанар-жағармай керек қой. Газ 90-100 теңге болғанда көніп едік. Енді қазір мүлде қымбаттап кетті», – дейді қала тұрғыны Михаил Филипов.

Жергілікті билік мәселеден хабардар. Оның сөзінше, облыстың газ бекеттері электрондық сауда алаңдары арқылы газды қымбатқа сатып алады екен. Шығынын жабу үшін тұтынушыларға қымбат бағада сатуға мәжбүр.

«Біздің газбен жабдықтаушы ұйым соңғы рет газдың тоннасын 130-140 мыңға алған. Сол үшін баға қазір 120-130 теңге аралығында тұр. Қазір электронды сауда алаңында газ бағасы жиі өзгеріп жатыр. Көгілдір отын қазір еркін айналымда, сол үшін оның бағасы өсе береді. Оның тоннасы 120 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін бара алады. Ал бұрын бір тонна газ 60-80 мың теңге болатын», – деді СҚО Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбеков.

Облыстың энергетика басқармасы газдың биылдан бастап еркін айналымға шығуы бағаның тұрақсыздығына әкеліп соққанын айтады. Энергетика министрлігі қараша айына деп облысқа 1700 тонна газ жіберген. Ол аздық етіп, жергілікті газ бекеттері қосымша көгілдір отын алған. Бағаның қашан тұрақталатыны белгісіз. Жалпы, облыс тұрғындары айына 5000 тонна газ қолданады екен.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир