Астанада метро пайда болуы мүмкін. «Астанабасжоспар» мамандары жаңа жоба әзірлепті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Астанабасжоспар» ғылыми-зерттеу жобалық институт мамандарының ұсынып отырған нұсқа бойынша, қазіргі LRT құрылысы толық аяқталады. Одан кейін, мұндай бағандар тұрғызылмайды. Келесі бағыт Қабанбай батыр даңғылынан ескі вокзалға дейін салынады. Үшінші кезекте ескі және жаңа вокзалды қосу көзделген. Соңғысы Айтматов көшесі, Үркер ауданы мен Қабанбай батыр даңғылындағы сауда орталығын байланыстыру қарастырылыпты. Бірақ, бұл жерде метро немесе автобус жолағы болады екен. Бас жоспар ұсынып отырған жоба толықтай жүзеге асуға 13 жыл уақыт керек екен.
«Біз жоба ретінде жеңіл рельсті транспортты қарастырамыз. 2035 жылға дейін төрт кезегін ұсынып отырмыз», – деді «Астанабасжоспар» ғылыми зерттеу-жобалау институтының сәулетшісі Бекзат Әділов
Жоба бойынша, мұнда аялдамалардың саны артқан. Мамандар бұл құрылысқа қанша қаражат жұмсалатынын айтпады. Урбанистика сарапшысының айтуынша, бас қаладағы тұрғындар саны 1 миллион 300 мыңнан асып кеткен. Сол жақ жағалауда тұратын адамдар кептеліс кезінде аулаларынан шыға алмайтынын айтты.
«Астана тұрғындарының саны көбейіп келеді. Біздің пайымымызша 2030 жылға қарай қалада 2 миллионнан аса тұрғын болады. Сондықтан LRT-ға альтернативті жоба болғаны дұрыс. Біз LRT құрылысын аяқтау бастамасын қолдаймыз. Бірақ одан өзге метро, трамвай секілді бір жолақты траспорттың да жолағын салған абзал», – деді Астана қаласы Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен
Айта кетейік, LRT құрылысын жалғастыру үшін қазынадан 42,6 миллион доллар бөлінетін болды.
Өмір Серікбекұлы Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан