Пікірлер қайшылығы: заң жобасы талқыға түсті

tengrinews.kz
tengrinews.kz
Қазір мегаполисте 12 мың самокат қолданылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде электр самокаттарына қатысты заң жобасы қоғамда кең талқыланып жатыр. Қос дөңгелекті қатынау құралын жалға берумен айналысатын кәсіпкерлер құжаттағы ережені жеңілдетуді сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Электр самокат бүгінде қаладағы кептелісті азайтуға ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлер үшін қомақты қаржы әкеліп отырған ауқымды жобаға айналды. Ресми мәліметке сүйенсек, бір ғана Алматының өзінде қала тұрғындарына қос дөңгелекті көлік құралын ұсынатын 4 жекеменшік компания бар екен. Жаңа заң жобасы шыққалы кәсіпкерлер қапалы. Олар бұл қызметті ұсыну арқылы қаланың экологиясына да оң әсерін тигізіп отырғанын айтады.

– Алматы қаласында орта есеппен, самокатты 130 мың адам қолданады. Бұл көрсеткіш бір тәулікте метроға мінетіндерден екі есе көп. Осынша адамды қоғамдық көлік те тасымалдай алмайтыны белгілі. Ал олар машинаға отырса, кептеліс қазіргіден де көбейеді деген сөз. Мәжіліс бекіткен шектеулер тек қаладағы қозғалысты қиындатып қана қоймай, біздің де табысымызға кері әсер етіп отыр, – деді компания директоры Мусалав Әлібеков.

Мәжіліс бекіткен жаңа ережеге сәйкес, қаланың әр жерінен табуға болатын электр самокатты енді кез келген адам пайдалана алмайды. Ол үшін адам 18-ге толуы тиіс және арнайы жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Сондай-ақ шлем мен түнде жарық шағылыстыратын киім киюге тиіс. Ал жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек.

– Біз заң жобасын әзірлеу барысында 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер электр самокатты пайдаланатынын білдік. Олар жауапкершілікті толық сезінбейді. Жол ережесін елемейді. Сол себепті шектеу қойдық. Қабылданған заң жобасы еліміздегі қайғылы жағдайдың көбейгенін ескере отырып жасалды, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева

Сарапшылардың айтуынша, ережені елемейтіндерді бақылап, жауапқа тартуға полицияның күші де, уақыты да жетпейді. Себебі қалада осы көлік құралын пайдаланушылар көп.

– Бұл шектеудің салдары болуы мүмкін: біріншіден, мопед пен скутер тізгіндейтіндер көбейеді. Олар автокөліктермен бірге жүретіндіктен, апатты жағдайлар да артуы мүмкін. Самокатты емес, мопед пен скутерді көлік құралына жатқызу керек, – дейді сарапшы Бейбіт Әлібеков.

Қазір мегаполисте 12 мың самокат қолданылады. Пайдаланушылар саны көбейген сайын тұрғындар мен көлік жүргізушілер тарапынан да шағым артқан. Десе де, қалалық мобилділік басқармысының мамандары рейд жұмысын жүргізу арқылы олар үнемі бақылауда екенін айтты.  

Ұлағат Арғын, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров