Елімізде еуропалық талаптарға сай Азаматтық авиация оқу орталығы ашылады

Елімізде еуропалық талаптарға сай Азаматтық авиация оқу орталығы ашылады
Бүгінде 9 әлемдік қаржы орталығымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ал өңірлерде шағын авиация мен аэродромдар салынбақ. Осыған бағытталған арнайы бағдарлама әзірлеуді бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин жауапты ведомство басшыларына тапсырды. Үкімет отырысында әуе билеттерінің бағасын ретке келтіру мәселесі де сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет отырысында авиация саласы үшін отандық білікті кадрлардың жетіспеушілігі көтерілді. Дәл осы себептен әуе компаниялар шетелдік пилоттар мен әкімшілік құрамды жұмысқа тартуға мәжбүр. Еліміздегі жалғыз оқу орны - Азаматтық авиация академиясын жыл сайын 400-ден астам маман тәмәмдайды. Алайда, олар ұшу практикасын шетелден қыруар ақшасын жұмсап, өтеді. Себебі елімізде іс-тәжірбие жасауға жағдай жоқ.  

«Министрлік жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында Азаматтық авиация академиясын дамыту жоспарын әзірлеуде. 2020 жылы біз сала бойынша барлық қолданыстағы оқу орындарын шоғырландырып, еуропалық стандарттарға сай келетін Азаматтық авиация оқу орталығын құруды жоспарлап отырмыз», - деді  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Азаматтық авиация саласында білікті кадрлар тапшы екенін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы Логистика және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры Қанат Алпысбаев та баса жеткізді. Айтуынша, түйткілге үкіметтік деңгейде мән беру қажет. Ұшқыштарды оқыту, даярлау мәселесіне жіті назар аударылуы тиіс.  

«Airbus» әуе компаниясының мәліметіне сәйкес, 2038 жылға қарай бүкіл әлем бойынша жаңа пилоттарға деген сұраныс қосымша 550 мың адамға дейін артады. Ал инженерлік-техникалық құрамға деген сұраныс 640 мың адамға ұлғаяды. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазынаға» енетін отандық әуе компаниялар кадрдың жетіспеушілігін айқын сезіп отыр. «Air Astana» мен «Qazaq air» өз ресурсын пайдалану арқылы жұмысты жалғастырып жатыр. Алайда, бұл қадам мәселені түпкілікті шешпейтіні айдан анық», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ логистика және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры  Қанат АЛПЫСБАЕВ

Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту қажеттілігін айтты. Осы ретте жауапты ведомстволарға арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Айтуынша, бұл мәселе 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» бағдарламасында қарастырылған. Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы әуе компанияларының паркін ұлғайтып, ұшу георгафиясын кеңейтуді қамтамасыз ету қажеттілігін алға тартты.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және қабылдауды жеделдетуі тиіс», - деді ҚР премьер-министрі Асқар МАМИН.

Үкімет отырысында әуе билеттерінің бағасын төмендету мәселесі де талқыға түсті. Асқар Маминның айтуынша, бағалар саясаты бойынша нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Бюджеттік «FlyArystan» әуе компаниясының тарифтері Еуропаның бюджеттік компанияларымен салыстырғанда орташа есеппен 4 есеге дейін төмен. Келесі жылы «FlyArystan» әуе компаниясының рейстер саны 28-ден 80-ге дейін артады. Ұшу бағыттары айтарлықтай кеңейтіледі. Жалпы отандық әуе компанияларының бәрі де бағалар саясаты мен қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмысын одан әрі жалғастыратын болады», - деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.

Бүгінде 9 әлемдік қаржы орталығымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған. Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Қаржы, Сыртқы істер министрліктеріне «Астана» ХҚО-мен бірлесіп, келер жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды жүктеді. Нью-Йоркке ұшу үшін отандық әуе компанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтауды да міндеттеді. Ал, билет бағасының 20 пайыздан астамын авиаотын шығыстары құрайды екен. Сол себепті, Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне авиакеросинге баға белгілеп, оны тиісті заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселелерін алға қойды.

Новости партнеров