Шетелдік көліктерді тіркеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 23 қаңтарда басталған науқан алдағы алты ай бойы жалғасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталыққа көлігін тіркеуге келген азаматтар басында қиындық туындағынын айтты. Оның себебін түсіндірме жұмысының аздығымен байланыстырады. Десе де діттіген мақсат орындалды деп қуанып отыр.
«Халық көп, үлгермей жатыр. Еліміздің барлық өңірінен келіп жатыр, қолдан келгенше әрекет жасап жатырмыз. EGov Mobile қосымшасы арқылы өтінім бердік. 215 мың теңгесін төледік. Көлікті есепке алып, тіркеді»,– деді қала тұрғыны Аслан Құрманәлі.
Құжатын құшақтап қызметке жүгінгендерге қосымша қызметкерлер бөлінген. Сонымен қатар желіге тікелей қосылған компютерлер де қарастырылыпты. Яғни кез-келген көлік иесі барлық мемлекеттік сайттан электронды қызмет ала алады.
«EGov Mobile арқылы бірінші кедендік тексеруге өтінім бересіздер. Құжаттар расталса, ХҚКО келіп, Ішкі істер басқармасының офицерлеріне жолығып, тексересіздер», – деді Мамандандырылған № 1 халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Әсет Тұрғынбаев..
Жоғарыда көрсетілген қызмет түрін кез-келген азамат үйінде отырып-ақ алуына болады екен. Алайда ол үшін EGov Mobile қосымшасын телефонға жүктеп алу керек. Ал электронды кілті бар тұрғындар бұл қызметті кез келген компютермен жасай алады. Ондай мүмкіндігі жоқ жүргізушілер орталыққа келіп, тіркеуден өтеді.
Қызмет көрсету орталығы 23 қаңтардан бері 3973 қызмет алушыға көмек көрсетіп, 564 құжатты қабылдаған. Олардың ішінен 307 тапсырыс мақұлданып, 257 өтініш кері қайтарылыпты.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы