Қазақстандық автосалондар қандай ереже шығарып алған

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Индустрия министрі мәселені бақылауға алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық автосалондар ереже шығарып, тұтынушыға талап қоятын болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халық қалайтын көлік автосалондарда жоқ. Оған тапсырыс берсең, кемі жарты жылдан кейін келеді. Ал сол тапсырыс берудің өзін темір тұлпар сататын орталықтар қиындатып жіберіпті. Мәселен, енді кезекке тұру үшін көлік құнының 30 пайызын алдын ала төлеуің керек екен. Бұрынғыдай тапсырыс бере салып, күту жоқ. Көпшілік жақсы көретін кроссоверді қолма қол ақшаға алғысы келетін 850 адам бар көрінеді. 30 пайызын төлеген соң, жарты жылдан кейін келген күннің өзінде ол көліктің бағасы өсіп кетуі әбден мүмкін.

«Қолма-қол төлем жасалса, кезекке тұру керек. 30 пайыз алдын ала төлеуі тиіс. Сізбен алдын-ала келісімшарт жасаймыз. Алты айдан және одан да көп күтуіңіз мүмкін», – деді автосалон қызметкері.

Ал автосалондардың бұған құқығы бар ма деген сауалды еліміздің Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаевқа қойып көрдік. Қалай болғанда да Қазақстандағы көлік құрастыру саласына жауапты министр ғой. Ведомство басшысы бұл жайттан хабардар екен.

«Мен де естідім. Қазір жаңа ноу хау дейді ғой. Автосалондар өзгерістер енгізіп жатыр екен. Қазір мемлекеттік басқа органдармен кімнің құзіретіне қарайтынын ақылдасамыз, сосын ресми түрде жауап береміз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Салаға жауапты министр жыл сайын көлік өндірісін арттырып келеміз деп аузын толтырып айтты. Мәселен, былтыр 80 мыңнан аса машина құрастырылса, биыл 11 айдың ішінде бұл көрсеткіш 90 мыңнан асқан екен. Осыншама көлік шығарылып жатқанымен, халық өзі ұнатқан көлігін таппайды.

«Мен сенбі күні Қостанайда жиналыс өткіземін. Содан кейін нақты айтуға тырысамын», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Қысқасы, Индустрия министрі машина тапшылығы мен 30 пайыз алдын ала төлем жасау туралы мәселені өз бақылауына алатын болды. Нәтижесін келесі апта сұрайтын боламыз.  

Ал жеңілдетілген 4 пайыздық автонесие бойынша көлікке қол жеткізгіңіз келсе, оған да кезекке тұрасыз. Ол жерде алдыңызда кем дегенде 2 мың адам болады. Ол аздай, бірінші кезекте қолма қол ақшаға алынған көліктер сатылады.Қысқасы, ел арасында дау туғызған мәселені жауапты министрлік май шаммен қарамақ.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров