Нәзік жанды қауымның ерге бергісіз қабілеті мен талайды тамсандырған қасиеті көп. Қоғамда ер азаматтар атқаруы тиіс жұмысты ұршықша үйіріп әкететін әйелдер аз емес. Соның бірі – Гулмаруа Ташева. 22 жыл троллейбус жүргізушісі болып жұмыс істейтін Гүлмаруамен Almaty.tv тілшісі кездесіп, жұмысының қыр-сырына қанықты.
Гулмаруа Ташева – Саялы шағынауданы мен Сейфуллин даңғылы аралығына қатынайтын №25 троллейбустің жүргізушісі. Алдымен қызметінің 16 жылында трамвай айдаған. Кейіннен троллейбус тізгіндей бастапты. Өз жұмысының аса қиындық тудырмайтынын, тіпті үйреншікті дағдыға айналып кеткенін айтады.
«Негізі мамандығым – педагог. Бірақ ес білгілі осындай көліктер жүргізіп келемін. Отбасымда бұл кәсіппен айналысатын ешкім жоқ. Жолдасым да басқа салада», – дейді троллейбус жүргізушісі Гулмаруа Ташева.
Троллейбус жүргізушісінің күнделікті жұмысы таңғы сағат 5.00-тен басталады. Автобустың техникалық жағдайын бақылап, қажетті жабдықтарын түгендеп алу – оның жұмысының алғашқы сатысы. Жол бойында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау аса маңызды дейді кейіпкер. Себебі ол жол үстінде бір емес, бірнеше адамның өміріне жауапты.
«Жұмысымның қиын тұсы деп жеңіл көліктердің бізге жол бермей жататын сәтін айтар едім. Алматы көшелерінде біздің өз жолағымыз бар. Көбінесе жеңіл көлік иелері біздің жолағымызға түсіп алып, кедергі келтіреді. Қазір жолаушылар таксиден гөрі қоғамдық көлікке отырса, діттеген жеріне тез жететінін біледі. Содан кейін де жолаушы көп. Жалақым да жаман емес», – дейді Гулмаруа Ташева.
Күміскүл Әкімжанова – троллейбус паркінің жетекшісі. Әріптесінің жұмыста жауапты әрі салмақты екенін айтады. Соңғы уақытта әйелдердің қоғамдық көліктерді жүргізуге қызығушылығы артып келеді екен. Бүгінде қаладағы бір автопаркте көлік тізгіндейтін әйел азаматтарының саны 70-ке жуықтайды.
«Бізде жұмыс істейтін әйелдердің бәрі де өте әдемі. Оларға жүктелетін міндет ортақ. Әйелдікі, ер адамдікі деп бөлмейміз. Бұл жалпы нәзік жандылардың мықты екенін көрсетеді», – деді троллейбус паркінің жетекшісі Күміскүл Әкімжанова.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қызмет жолында аса бір қауіпті оқиғалар болмаған. Оның пікірінше, мұндағы атқарылатын шаруа ердікі немесе әйелдікі деп бөлінбейді. Бірақ кім болса да, жүрегінің түгі болуы керек.
Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы