|
24.03.2023 | 20:00
5792

Алматыда мопед жүргізушілерінің қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Полиция департаменті рейдтік шараларды күшейтпек

Алматыда мопед жүргізушілерінің қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасы тіркелді m.123ru.net

Алматыда 2 ай ішінде мопед жүргізушілерінің қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 80-нен аса адам зардап шегіп, әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда көктем келісімен мопед пен мотоцикл мінушілердің қатары күрт артады. Әсіресе, қос дөңгелекті тақымдағандар тамақ жеткізу қызметінің курьерлері. «Олар тапсырыс берушілерге ыстық асты тез тасымалдау үшін кейде жылдамдықты арттырып, жол ережесін сақтамайды» дейді темір тұлпар жүргізушілері. Оған қоса, мопедке отырғандардың жүргізуші куәлігі жоқ.

«Жол ережесін сақтамайды. Бағдаршамда көліктердің арасынан өтіп, жол-көлік апатына себеп болады. Ақша тауып жүр, бәрін түсінеміз. Бірақ адамгершілікті сақтау керек қой», – деді қала тұрғыны Азамат Наурызбаев.  

Ал таңнан кешке дейін, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ауыр еңбек етеміз деген мопед тізгіндеген курьерлердің өз шындығы бар. Олардың айтуынша,  жеңіл көліктер жол бермейді.

«Мопедтер жол ережесін сақтауға тырысады. Жеңіл көліктер жол бермей, қысып кетеді», – деді курьер Зият Мұхамеджан.

«Көз алдымда бірнеше жол апаты болды. Екеуі де байқамай қалады», – деді курьер Қуаныш Жексен.

Ал қалалық полиция департаменті күннің жылынуына байланысты рейдтік шараларды күшейтпек. Өкініштісі, мопед пен электрлі самокат мінгендерге тәртіп сақшылары ештеңе істей алмайды. Өйткені, ол көлік құралы есебінде жоқ.

«Біріншіден, бұл – профилактикалық тұрғысындағы рейдтік іс-шаралар, жол жүру процесіне қатысушылардың барлығы,  соның ішінде мопед, самокат, велосипедтердің жүргізушілері жол жүру ережесін қатаң сақтауы тиіс. Өйткені, бұл – адамның өмірі, адамның денсаулығы және қауіпсіздік мәселесі. Бұл сұраққа жалпылама жауап берудің қажеті жоқ. Әр жол жүру процесіне қатысушы өзінің жауапкершілігін сезінуі керек», – деді  Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Жыл сайын мопедке отырғандардың саны артып жатыр. Жыл мезгіліне қарамай пайдаланады. Велосипедтен тез жүретін көліктің барлығын есепке алу керек. Оларда да көлік жүргізетінін растайтын құжаты болуы қажет. Бұл айтарлықтай жауапкершілікті арттырады», – деді сарапшы Алексей Алексеев.

Дегенмен, ІІМ мопед пен электросамокатты көлік құралы қатарына қосу туралы Парламент Мәжілісіне заң жобасын ұсынған болатын. Енді жаңа сайланған Парламент мәжілісінің депутаттары заң жобасын қарастырады. Яғни, мопед көлік құралы болып танылған соң ғана, жол ережесін реттеуге мүмкіндік бар.

Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир