Тау мен табиғаты керемет - Алматыға Катардан туристер келді

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыға саяхаттайтын туристер саны биыл 2,5 есе артқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыға саяхаттайтын туристер саны биыл 2,5 есе артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, шаһар қонақтарының басым бөлігі Таяу Шығыстан келеді екен. Алып мегаполистің келіскен көркі мен табиғатына Катар елінің азаматтары да қызыққан. Сонау эмираттан тарихы терең Алматыны аралауға іскер туристердің алғашқы қосыны келді.

Кімді де болса баурап алатын Алматыға соңғы жарты жылда шетелден 55 мыңнан аса адам келіпті. Туристердің дені Катар, Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясынан келген. Қонақтар әсіресе Алатаумен астасқан жасыл-желекке, тұмса табиғатқа, дамыған инфрақұрылым мен тұрғындардың қонақжайлығына жиі тәнті болады. Алматы іскер туристер де сүйікті шаһарны айналған. Солардың бір тобы кеше Катардан келді.

«Мұндай мүмкіндік арадағы шекараның ашылып, әуе қатынасы жаңарған соң пайда болып отыр. Сондай-ақ қазір халықаралық нарықта қаламызды дамыту көзделген. Туристер тартуды қала әкімдігі мен осындағы туроператорлар қолға алған», - деді туристік ақпарат орталығының директоры Едіге Марғұлан.

Әлемге әйгілі холдинг қызметкерлері мегаполиске тек іс-сапармен ғана емес, демалу үшін де ат басын бұрады. Мысалы, Катардың ірі сауда-саттықпен айналысатын компаниясы үздік еңбек еткен 47 менеджерді Алматыға демалуға жіберіпті.

«Бұл менің Алматыға алғаш келуім. Қалаларыңыз өте әдемі! Келген кезде қала жаныма бірден жақты. Алматы туралы Катардағы жақындарыма айтып бердім. Тау мен табиғаты керемет!» - деді турист Харшад Камарудин.

Катардан өзге табиғатты тамашалауға Сауд Арабиясынан да бір топ туристер келген.

БЛИЦ:

- Осында келгенімізге ризамыз. Табиғаты да тамаша.

- Бағалар да қолжетімді. Қазақстан Сауд Арабия азаматтарына кіруге визаны алып тастағаны қандай ыңғайлы болды.

- Енді екі ел арасындағы байланыс беки түседі деген сенімдеміз

Сала мамандарының айтуынша, қазір әлемдік ірі компаниялармен іскерлік қарым-қатынасты нығайту маңызды. Сондықтан да қаланың туристік әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс жүріп жатқан көрінеді.

«Қала әкімдігі тұрақты негізде шет елдерде Road show сияқты түрлі халықаралаық ұйымдарға мүшелік етуді ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ біз әлемдегі ең ірі көрмелерде өнер көрсетіп келеміз. Жақында Дубайда өткен көрмеге қатыстық», - деді Едіге Марғұлан.

Айта кетейік, пандемия кезінде әлемдік туризм ақсады. Сондай қиындықтарға қарамастан соңғы 2 жылда Қазақстан туристер ағынын қайта ұлғайтты. Ал Алматыға деген саяхатшылардың ықыласы ерекше. Шетелдік қонақтарды тарту қалада әрі қарай да жалғаспақ. Осы мақсатта биыл 100-ге жуық туроператормен ортақ меморандумға қол қойылыпты.

Назкен Еркін, Салтанат Нұрғалиева, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров