ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Токиода Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай 28 шақырымдық жаяу шеру өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған акцияға Жапонияның Сыртқы істер министрлігі мен Экономика, сауда және индустрия министрлігінің, Орталық Азия мен Кавказ елдерін зерттеу институтының, Жаңа энергетикалық және өнеркәсіптік технологияларды дамыту жөніндегі ұйымның, Мұнай, газ және металл бойынша жапондық ұлттық корпорациясының, «Toyota Tsusho» және «Mitsui Mining» компанияларының, «SCAT» әуе компаниясы өкілдігінің қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында жапондық достар тек жаяу шеруге ғана қатысып қоймай, Қазақстанның мемлекеттік әнұранын қазақ тілінде орындап, қазақстандықтарға шынайы құрметін білдірді. Шеру қатысушылары арасында Жапонияда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары мен студенттері, сондай-ақ Күншығыс елінде тұратын қандастарымыз болды.
ҚР-ның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев шара елдің әртүрлі өңірінде тұрып жатқан қазақстандықтар үшін демалыс күні Токиода кездесуге және шет елде Тәуелсіздік күнін осындай белсенді түрде атап өтуге жақсы себеп болатындығын атап өтті. Ал Жапония экономика, сауда және индустрия министрлігі авиациялық компоненттер мен материалдар департаментінің директоры Такаюки Ниикура бұл шеруге қуана қатысқанын айтып, қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Жапония СІМ-нің Еуропа істері жөніндегі бюросы Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша басқармасының қызметкері Котоми Тада Қазақстан-Жапония акциясында әріптестерімен бірге жүріп, үлкен қуаныш пен қуат алғанын айтты. Шеру қатысушылары «Ханэда» халықаралық әуежайы ауданындағы «Хонханэда» паркінен жүруді бастап, токиолық Фучу ауданында шамамен 5,30 сағаттан кейін мәреге жетті.
Жаяу шеру бағдары жапондықтар үшін қасиетті Фудзияма тауын тамашалауға болатын Тама өзенінің жағалауында өтті.
Бұл жол жапондықтардың серуендеу, жүгіру және велосипед тебу үшін уақыт өткізудің сүйікті орны саналады. Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі сайтындағы ақпаратқа сәйкес, жаяу шеру Токиода екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы Елшілік қызметкерлері Йокогамадан Токиоға 27 шақырымдық шеру жасаған еді.