Израильде жүрген 120-ға жуық Қазақстан азаматы елге оралуға өтініш білдірген. Сыртқы істер министрлігінің ақпарына сай, әзірге қарулы қақтығыс болып жатқан мемлекетте зардап шеккен немесе кепілдікке алынғандар туралы мәлімет жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Израильде есепте жоқ 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін. Қазір СІМ жедел штаб құрды. Мамандар шетелде жүрген қазақстандықтармен байланыс орнату мақсатында түрлі мессенджерде чат ашып, көмек көрсету үшін жұмыс істеп жатыр. Жедел штабқа екі күнде 500-ден астам қоңырау түскен.
– Қазақстандықтар орналасқан жері туралы айтып, дипломаттарға хабарласып жатыр. Барлығы сабырлық танытып, қауіпсіздік шарасын сақтайды. Қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе тұтқынға алынған қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ. Рейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушылардың Израильге ұшудан бас тартуына байланысты Air Astana мен елшілік Қазақстанға оралғысы келетін азаматтардың тізімін жасп жатыр. Қауіпсіз тасымалды ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр. 118 азамат елге оралуға ниетті. Тель-Авивтегі әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастыруда, – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Қазақстандықтарды Израильден алып қайту үшін арнайы рейс ұйымдастырылады. Әуе рейсі ертең Тель-Авивке ұшады. Air Аstana әуе компаниясының ақпаратынша, келу және ұшу уақыты келісіліп жатыр. Қазір арнайы рейс арқылы келуге 125 азамат тіркеліп үлгерген.
– Тасымалдауға кез келген күнге авиабилеті бар жолаушылар қабылданады. Бір жолаушыға 8 келіге дейін қол жүгі және 20 келіге дейін бір тексерілген жолжүк рұқсат етіледі. Авиабилеті жоқ қазақстандықтар елшілік арқылы арнайы тариф бойынша сатып ала алады. Жолаушылар тізімін Қазақстанның Израильдегі елшілігі де телефон арқылы жасайды, – деді Air astana компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Адель Дәулетбек.
Айта кетейін, 7 қазанда таңертең Израиль Газа секторынан зымыран атқылаған болатын. Шабуыл үшін жауапкершілікті палестиналық ХАМАС ұйымы өз мойнына алды. Олардың әскери қолбасшысы Мұхаммед әл-Дейф «Буря Аль-Аксы» операциясының басталғанын мәлім еткен бейнеүндеу жариялаған еді.
Оқи отырыңыз: Үндістанда өрттен 14 адам көз жұмды