Англияда бүгіннен бастап дүкенге келушілерге қорғаныс маскасын тағу міндеттелді, бұл тәртіп сақталмаған жағдайда айыппұл салынады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы РИА Новостиге сілтеме жасап.
Елдегі коронавируспен күресуге бағытталған жаңа ережелерге сәйкес, 24 шілдеден бастап адамдарға сауда нүктелеріне маскасыз кіруге тыйым салынған. Тәртіпті орындаудан бас тартқан жағдайда, дүкен қызметкерлері полиция шақыруға құқылы. Өз кезегінде құқық қорғаушылар тәртіп бұзушыға айыппұл салады. Жаңа ережелер супермаркеттер, азық-түліктік емес дүкендер, сауда орталықтары, банктер, пошта үйі мен «өзімен алып кету» режимінде жұмыс істейтін кафелер аумағында сақталуы тиіс. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде де жеке қорғаныс құралын тағып жүру міндеттелген. Аталған қоғамдық орындарда 11 жасқа дейінгі балалар мен кейбір ауру түрлеріне, атап айтқанда, демікпеге шалдыққан адамдарға маска тақпауға болады.
Жаңа ережелер туралы мәлім еткен елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок маска тағудан бөлек, басқа да санитарлық талаптар сақталуы керектігін еске салды: қолды жиі жуу мен әлеуметтік арақашықтық сақтау. Айта кетейік, Британия пандемиямен күресте қорғаныс маскаларының пайдасын соңғы болып мойындаған елдердің бірі. Сондай-ақ бұған дейін Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова да көшеде маска тағу міндетті екенін, талапты бұзғандар айыппұл арқалайтынын ескерткен болатын.