Грузияда не болып жатыр: арнайы жасақ наразылыққа шыққандарды алаңнан қуды

01.12.2024 10:18

Елдегі ірі қалаларда үш күннен бері наразылық шерулері өтіп жатыр

newsgeorgia.ge

Грузияның Ішкі істер министрлігі бүгін түнгі сағат 2.00 шамасында парламент маңындағы наразылық шеруін тарата бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

NGnewsgeorgia басылымының жазуынша, бұған наразылыққа шыққандардың бейбіт шеру өткізу ережелерін бұзды деген бірнеше шағым себеп болған.

"Парламент алдында өтіп жатқан митингіге қатысушылардың наразылығы «біртіндеп зорлық-зомбылыққа ұқсас сипат алып кетті", - деп мәлімдеді ІІМ.

Осы мәлімдемеден кейін парламент жанындағы көшелердегі тұрған жұртқа мұздай су шашқан автокөліктер артынша Руставели даңғылына бет алған.

Кей басылымдардың жазуынша, полиция сонымен қатар шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған. Бұған жауап ретінде шеруге шыққандар полицияға қаратып отшашу атқылаған. Парламент алдына жиналғандар газға тұншығып қалмас үшін терезелерді сындырып, дүкендерге кіре бастаған. Кей топтар түнде жылыну үшін қала орталығында алау жаққан. 

Айта кетсек, Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе бейсенбі күні елдің Еуроодаққа кіруі бойынша келіссөздерді бастау және ЕО-ның барлық бюджеттік грантынан бас тарту мәселесі 2028 жылға дейін күн тәртібінен алынып тасталатынын мәлімдегеннен кейін Грузияда наразылық шерулері басталды.

Бұл даулы сайлаудан кейін жиналған парламенттің Кобахидзе басқаратын үкіметті бекіткенінен кейін бірнеше сағат өткен соң болды. Билік "еуропалық бағыттан бас тартпаймыз, тек елді сырттан келетін "бопсалаудан" қорғаймыз" деп отыр.

Үкіметтің шешімі еуроинтеграцияны жақтаушылардың - Грузиядағы сайлаушылардың 90%-ның ашуын туғызды. Грузияның Тбилисиден бастап, барлық ірі қаласында наразылық шерулері өтіп жатыр. Алайда полиция шерушілерді күштеп таратуға тырысуда, қазірдің өзінде 150-ден астам адам ұсталған.

ВВС хабарлауынша, сенбі күні кешке Грузия президенті Саломе Зурабишвили теледидар арқылы сөйлеп, президент болып қала беретінін, ал 2024 жылдың желтоқсанында жаңа мемлекет басшысын сайлайтын парламентті "заңсыз" деп мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Ирандық 15 жастағы спортшы қыз Даниядан баспана сұрады