Әлемде желтоқсанда қандай ұшақ апаты болды

Almaty.tv
Almaty.tv

Канадада Сент-Джонстан келген ұшақ қону кезінде қиындықтарға тап болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

25 желтоқсаннан бері әлем елдері "темір құстарға" телміріп қалды. Оңтүстік Кореяда Jeju Air әуе компаниясының тағы бір ұшағында шассиден ақау шығып, әуе кемесі шұғыл қонуға мәжбүр болды. Елдің қабырғасын қайыстырған ауыр апаттан кейін жұртшылық ұшаққа отыруға сескеніп қалғандай, себебі жолаушылардың дені сапарды жалғастырудан бас тартқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы аптада әлем аспаны қара бұлтқа оранғандай болды. Бұған әуе жолдарына сапарға шыққан жүздеген жолаушының үйіне оралмауы себеп. Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Оңтүстік Кореяның оңтүстік-батысында орналасқан Муан әуежайында ұшақ жоғары жылдамдықпен топырақ бөгетіне соғылып, 181 жолаушының 179-ы ажал құшты. Екі экипаж мүшесі ғана аман қалған. Оңтүстік Корея тарихындағы ең ауыр әуе апаттарының біріне айналған бұл трагедияның басты себебі әзірге белгісіз. Алдын ала дерек бойынша, ұшақ қону кезінде құстармен соқтығысып, барлық үш шасси іске қосылмай қалған көрінеді. Қазір елде бір апталық аза тұту жарияланды.

"Біздің ойымызша, апатқа құстардың соқтығысуы себеп болуы мүмкін немесе ауа райының нашарлауы әсер етуі мүмкін. Бірлескен тергеу арқылы нақтысын анықтаймыз", –деді Муан ауданының Өрт сөндіру бекетінің басшысы Ли Джун Хён.

"Алдымен, барлығыңыздан кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдайыдың құрбаны болған азаматтардың жақындарынан шын жүректен, басымді иіп кешірім сұраймын. Дәл қазір, апаттың нақты неден болғанын айту қиын. Біз де сарапталардың нәтижесін күтіп, бәріңізге жария етеміз", – деді Jeju Air әуе компаниясының басшысы Ким Е-Ба.

Мұхиттың ар жағындағы Канадада дәл сол түні Сент-Джонстан келген ұшақ қону кезінде қиындықтарға тап болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнелерде әуе кемесінің ұшу-қону жолағымен сырғып барып, бір бөлігінің өртене бастағанын көруге болады. Төтенше оқиғадан соң Галифакс әуежайы уақытша жабылды. Ал куәгерлердің сөзінше, ұшақ шассиінің бірі қону кезінде толық ашылмай қалған көрінеді.

"Ұшақтың сол жағы сырғып, қозғалтқыш асфальт бойымен жанасып өтті. Ұшқындар шашырап жатты. Терезеден сол ұшқындардың қалай жалынға айналғанын көрдім. Сол сәтте бәрі баяу қозғалыстағы түсірілім секілді сезілді", – деді жолаушы Стив Махар.

Ұшаққа қатысты тағы бір оқиға Осло әуежайында тіркелді. Норвегияның оңтүстігіндегі Торп Сандефьорд әуежайына Boeing 737 ұшағы техникалық ақауға байланысты апатты жағдайда қонды. Жергілікті ақпарат құралдары ұшақтың сол жақ қозғалтқышынан түтін шыққанын байқап, әуе кемесінің сол сәтте басқаруды жоғалтқанын мәлімдеген.

Еске сала кетейік, аптадағы ауыр апат 25 желтоқсанда басталды. Қазақстан аумағына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 ұшағындағы 38 адам қаза тапты. Аталған қайғылы дерекке қатысты халықаралық әуе көлігі қауымдастығы Ақтауда болған ұшақ апатын мұқият және бейтарап тергеуге шақырды.

Әйкерім Пернебек, Рамазан Өмен

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы ұшақ апаты: ауруханадағы Әжербайжан азаматтарының жағдайы тұрақты

Новости партнеров