Негізгі қауіп – ашық жаралардың тұзды теңіз суымен жанасуынан туындайды
Түркияда демалушылар Vibrio деп аталатын қауіпті бактерияның, соның ішінде тырысқақ қоздырғышының таралу қаупі туралы ескертілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақпарат көзінің мәліметінше, соңғы зерттеулер Мрамор, Эгей және Жерорта теңіздерінің жағалауында Vibrio parahaemolyticus және Vibrio vulnificus секілді бактериялардың ДНҚ-сын анықтаған. Ыстанбұлдағы Florence Nightingale ауруханасының урологы, хирургі Угур Аферин жаз мезгілінде теңізде шомылатын адамдардың сақ болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, Vibrio бактериялары жылы әрі тұзды суда көбейеді.
«Атап айтқанда, Vibrio cholerae бактериясы жұқтырылған теңіз суын ішкен кезде асқазан-ішек жолына түсіп, ауыр диарея мен сусыздануға әкелетін тырысқақты тудыруы мүмкін. Түркияда тырысқақ жағдайлары сирек тіркеледі, алайда қауіп нөлге тең емес», – деді дәрігер.
Афериннің айтуынша, ең үлкен қауіп – ашық жаралардың теңіз суымен жанасуы. Кейбір жағдайларда бұл өмірге қауіп төндіретін жұқпаларға, мысалы, некротизирлік фасциитке («ет жейтін бактерия») әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, дәрігер теңіз өнімдерін, әсіресе шикі устрицаларды тұтыну арқылы да жұғу қаупі бар екенін ескертті. «Иммунитеті әлсіреген адамдарда бұл жұқпалар қанға еніп, сепсиске әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді маман.
Бұған дейін Мемлекеттік ағарту университетінің медицина факультетінің терапия кафедрасының доценті Ирина Волгина жылы теңізде шомылу ротавирус, энтеровирус, А гепатиті және ішек таяқшасы секілді инфекцияларға әкелуі мүмкін екенін айтқан еді. Жұқтыру теңіз суын жұту немесе терідегі жарақаттар арқылы жүруі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Су қателікті кешірмейді: бассейнде инфекция жұқтырып алмау үшін не істеу керек