Алматыда мектеп жасындағы балалар мен жүкті әйелдерді вакциналау жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мегаполиске америкалық екпе өткен аптада жеткізілген болатын. Сол уақыттан бері қалада 4 мыңға жуық адам вакцина алды. Оның 2300-і – 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары.
Қаладағы №83 жалпы білім беретін мектепте Pfizer вакцинасы бүгін жеткізілген, яғни бұл мектепте вакциналау бүгіннен басталып жатыр. Білім беру ордасы екпе егу жұмыстарына сақадай-сай дайын. Арнайы бөлмеде балалардың денсаулығы тексерілсе, келесі бөлмеде вакциналау жүргізіледі.
Қазір бұл білім беру ордасында барлығы 1990 бала бар. 12 мен 16 жас аралығындағы оқушылар саны – 1064.
«Менің жасым 15-те. Біз ата-анамызбен бірге екпе аламыз деп шештік. Бұл оқушылар мен мұғалімдер үшін өте маңызды шешім деп есептеймін. Сыныбымызда қауіпті індетпен ауырғандар тіркелмеді. Соған қарамастан, сақтану мақсатында екпе алып жатырмын», – дейді №83 мектептің оқушысы Анастасия Босикова.