Халық вакцинаны қайдан алатынын білмейді. Бүгін Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова Үкімет басшысына жолдаған сауалында коронавирус инфекциясынан халықты вакцинациялаудың баяу жүріп жатқанын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше Денсаулық сақтау министрлігі бұл науқанды жүйелі ұйымдастырмай отыр. Депутат қазіргі ахуалды былтырғы жағдаймен салыстырды.
«Былтыр адамдар шатасып, ПТР-тест қайда және қашан тапсыруға болатынын білмеді. Ал биыл вакцинацияны қайда және қашан алуға болатынын білмей отыр. Денсаулық сақтау министрлігі биыл алдын ала іс-қимыл алгоритмін жасай алмады ма? Көптеген адамның көкейінде осындай сұрақ тұр. Министрлік шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдауы керек. Әйтпесе біз өткен жаздағыдай пандемиямен күреске толық дайын болмай шығуымыз мүмкін», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова.