Елімізде вакцинаның 1-компонентін алғандар саны 7 миллион 500 мыңнан асты. Өңірлер арасынан коронавирус инфекциясына екпе егу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Тәулік ішінде қалада 5 мыңға жуық адам вакцина салдырған. Осылайша, шаһарда 946 202 тұрғыны иммундау шарасынан өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қалалық №25 емханада вакцина алғысы келетіндердің қарасы көп. Мамандардың айтуынша, күніне орта есеппен 60-70 адам екпе салдырады. Соның нәтижесінде мекемеге тіркелген 30 мыңнан астам тұрғынның 14 мыңы вакциналаудан өткен.
«Қазір емханада «Спу́тник V» мен QazVac және VeroCell вакцинасы жеткілікті. Біздің мекемеге 30 мыңнан астам тұрғын тіркелсе, соның жартысы – бала. Жоспар бойынша 17 мыңға жуық азамат екпе алу керек болатын. Қазір 90 пайызы вакциналаудан өтті десек болады», – деді қалалық №25 емхананың бас дәрігері Әлия Мазбаева.
Қаламызда вакцинаның алғашқы компонентін 1 миллионға жуық адам алса, 846 787 тұрғын екпенің екінші дозасын салдырыпты. Оның ішінде 60 жастан асқандар саны 117 167 адамды құрайды.
«Мен QazVac вакцинасын салғызуға келіп тұрмын. Бұл үйдегі туыстарым мен жұмыстағы әріптестерімнің қауіпсіздігі үшін керек», – дейді қала тұрғыны Жансая Серік.
«Вакцина қауіпті індеттен құтылудың басты жолы деп санаймын. Әзірге бірінші компонентін салдырдым. Мұндай шешімге келу үшін ұзақ уақыт ойландым», – дейді тағы бір тұрғын Еламан Кәкімжан.
Айта кетейік, бүгінде қаламызда барлығы 149 вакциналау пункті жұмыс істеп тұр. Олар үлкен сауда орталықтары мен базарларда және спорт нысандарында орналасқан.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы