|
23.11.2021 | 19:48
963

Алматының Түрксіб ауданында 25 мыңнан астам адам Pfizer екпесін алған

Олардың ішінде 53 аяғы ауыр келіншек пен 203 бала емізетін әйел бар

Алматының Түрксіб ауданында 25 мыңнан астам адам Pfizer екпесін алған Фото: Reuters

Түрксіб ауданында орналасқан 4 бірдей мектептің оқушыларына екпені қалалық №20 емхананың медицина қызметкерлері салды. Қазір бұл білім мекемелерінде 12 мен 17 жас аралығындағы 3390 бала білім алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Егу науқаны басталғалы 85 бала вакцина алыпты. Бүгін тағы 24 жеткіншекті иммундау жоспарланып отыр.

«Басқа оқушыларға мен вакцина алғанымды көрсету арқылы үлгі боламын. Себебі вакцина алу керек. Сонда біз ең алдымен, өз отбасымызды және денсаулығымызды қорғаймыз», – дейді №32 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Назерке Мәжітова.

Ал вакциналауға балаларын қолдап келген ата-аналар Pfizer-ді асыға күткенін айтады. Қазірдің өзінде екпе егуге келісім берген 43 ата-ана бар екен.

«Әрине, әлеуметтік желілерде жүрген түрлі ақпарат бізді ойландырмай қоймайды. Десек те, бала денсаулығы – басты байлығымыз. Сол себептен қызымыздың денсаулығына алаңдап, өз еркімізбен келіп отырмын», – дейді ата-ана Айжан Беркінбаева.

Балалар егілген соң алдымен жарты сағат, кейін 3 тәулік бойы мамандардың бақылауында болады. Осы ретте дәрігерлер бұған дейін вакциналанған жеткіншектерде еш кері әсер тіркелмегенін айтады. Ал эпидемиологтар егу жұмысының дұрыс өтуін қадағалайды екен.

«Біз ата-аналарға хабарласып, балалардың жағдайларын сұраймыз. Қазіргі уақытта екпе алған балалардың жағдайы жақсы. Ешқандай қарсы көрсетілімдер болмаған», – деді Алматы қалалық №20 емхананың эпидемиологы Райхан Оспанова.

«Біздің мамандар медицина қызметкерлеріне вакциналау бойынша оқу курстарын өткізді. Сондай-ақ ата-аналармен де онлайн жиын ұйымдастырып, екпе туралы толық мағлұмат берілді», – деді Түрксіб ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Илона Бекоева.

Жалпы бүгінге дейін Түрксіб ауданы бойынша Pfizer екпесін 25 670 адам алыпты. Олардың ішінде 53 аяғы ауыр келіншек пен 203 бала емізетін әйел бар.

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир